Бейәдеп сөздер айтқан шенеунікке қатысты тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметшілерге қатысты жарияланған материалдарға мониторинг жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов төрағалық еткен мәжілістің аудиожазбасы анықталды. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде айқындалған. Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста дөрекілікке, қадір-қасиетін кемсітуге, әдепсіз және бейәдеп мінез-құлыққа жол бермеуі тиіс", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осы лауазымды тұлғаға қатысты қызметтік тергеп-тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Желіде жиналыста қызметкерлеріне 1,5 сағат бойы былапыт сөз айтқан әкімнің аудиосы тарағаны хабарланған болатын.