БҚО-да Рамазан айында кәсіпкер жолды жөндеп берді

Ауылдағы әбден тозығы жеткен жол кәсіпкерді ғана емес, тұрғындардың бәрін мезі қылған көрінеді. Шыдамы таусылған кәсіпкер қасиетті Рамазан айында қайырымдылық жасайын деп сол жолдағы шұңқырларды жамауға кіріскен. Алайда, асфальт сатып алуға қаражаты жетпесе керек, ол тесіктерді кәдімгі цементпен бітепті деп жазады «Мой город» порталы.

Тұрғындар мұны алғашында әкімдік жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстары шығар деп, наразылық білдірген. Өйткені, өркениетті елде жолдың тесігін ешкім цементпен жамамайтыны анық. Артынша мұның қайырымдылық жұмысы екенін жұмысшылар айтқан.

«Біз кеше таңнан бастап жолдағы ойықтарға цемент құйып шықтық. Осы уақыт ішінде 50 қап цемент кетті. Ойық жерді бітеп болғаннан кейін, жан-жағын тас, ағаш, лентамен қоршап қойдық. Тұрғындар "Қазір 21 ғасыр. Ал сендер жолға әлі цемент төсеп жатырсыңдар?" деп сынға алуда. Бұл жолды жөндеу үшін жеке кәсіпкер өз қалтасынан ақша шығарды», – дейді Николай есімді жұмысшы. 

Мичурин ауылдық округі әкімінің орынбасары Ибрагим Жұмағалиев мұның биылға жоспарланған Магистральная көшесінің жөндеу жұмыстары емес екенін мәлімдеді. 

«Биыл біз көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алған болатынбыз. Бірақ қасиетті айда кәсіпкер көше жөндеп, осылайша қайырымдылық акциясын өткізуде», – деді Ибрагим Жұмағалиев. 

Сондай-ақ, әкімнің орынбасары биыл бұл ғана емес, ауылдағы басқа да екі көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізетінін айтты.

Оқи отырыңыз:

Алматыда шаштараз өртеніп, 15 жасар қыз зардап шекті

Ерке Есмахан: Маxаббат жасқа да, нәсілге де қарамайды

Қан қызыл түске боялған Алматы өзенінің суы жұртты шошытты