Ілбішін – 350-ден аса түтіні бар үлкен ауыл. Соның бәрі биыл сумен қамтамасыз етіледі деген соң тұрғындар бөріктерін аспанға атқан еді. Алайда бұл қуаныштары ұзаққа бармады. Өйткені қызмет ақылы. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарлама болғандықтан да жұрт су тегін тартылады деп сенген екен. Енді олардың күмәні басым. Мердігер компанияның сұрап отырған бағасы да қымбат дейді.
Нұрлан Нұрмақов, Ілбішін ауылының тұрғыны:
-Біздің ауылға келіп тірелгенде мына үйдің қоршауына дейін әкеліп ары қарай ақшаны халық төлеп отыр. Осы сауалдар Үкіметке, Парламентке қойылған сұрақтар. Қалай не болып жатыр, қалай шешіледі?
Мердігер компания келісім шарт бойынша суды қақпасына дейін тартып беруі тиіс екен. Ал есік алдына дейін құбыр тартуға міндеттелмеген. Сондықтан бірінің көңіліне қарап тегін қызмет етсе, енді бірінен әрбір метріне 3 жарым мың теңге сұрап отырған көрінеді.
Тұрсынғали Құлжап, Ілбішін ауылының имамы:
- Үкіметтің берген ақшасын саудаға салып отыр. Алауыздықпен келіспеушіліктен су өтпей жатыр.
Ашулы топтың сөзіне жүгінсек, көрші ауылдарға дәл осы бағдарлама дәл осы компания барлығын тегін жүргізіп берген екен. Енді Ілбішінге келгенде ақша сұрауды шығарды дейді. Мемлекет қазынасынан былай, халық қалтасын қоса қағуда деп наразы. Десе де, мердігер компания бұны үйреншікті жағдай деп салды.
Руслан Тілепов, мердігер компанияның директоры:
-200-ден аса үйге су кіргіздік Халықтың реніші көп. Жобаның мемлекеттік сарапшылардың сүзгісінен өткенін көрсетсең түсінбейді.
Ашуға ерік беріп біразға дейін дауласқандардың шуын естіп жергілікті әкім де оқиға орнына дереу жетті. Сабырға шақырмақ ниетте еді. Бірақ «бұл мәселе менің құзырымда емес» деген оны тыңдар құлақ болмады.
Болат Сүлейменов, Ақжол ауылдық округінің әкімі:
-Бұл деген мемлекеттік болған соң біздің құзырымызда емес. Ол әншейін өткізе ме, ақылы өткізе ме оны осы тендерді ұтып алған «ЖайықСтройСервис» осы мәселенің бәрі солардың қолдарында.
Тараптардың ортасына түсіп, әкімнің қол жеткізгені жеңілдік болды. Мердігер компания мүгедек, қандай да бір көмекке мұқтаж жандарға төменгі бағамен су тартып беретін болып келісті. Дегенмен, енді мердігер компания тұрмақ әкім сөзіне сенуден қалған тұрғындар құзырлы орындарға шағымын түсіріп қойыпты.