БҚО-да төбелес шығарған ресейліктер ұсталды

Полиция қызметкерлері оқиға орнында мас күйінде бір-бірімен төбелескен Ресей азаматтарын ұстады.

Бұл дерек бойынша материал жиналып, куәгерлерден жауап алынды. Жанжалға қатысушылар Абай полиция бөліміне жеткізілді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқықбұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық), 440-бабы (Қоғамдық орындарда мас күйінде болу), 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Оралдың мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабында көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1992 және 1995 жылдары туған РФ азаматтарына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.


Азаматтық сот жоғарыда аталған РФ азаматтарының ҚР аумағында одан әрі болуы туралы мәселені қарайтын болады.