БҚО-да үш бірдей адам өліміне соқтырған қос жол апаты болды

Облыстық жол полициясы басқармасынан Нұртай Лезовтың хабарлағанындай, 8 желтоқсан күні таңғы сағат 8.30-да белгісіз біреу БМВ автокөлігімен жаяу жүргінші, 1989 жылғы Аслан Ермекқалиевті қағып кеткен, ол сол бойда қаза тапқан. Көп ұзамай Артем Глазков деген азамат жедел басқару орталығына «соққы тиген» өз автокөлігінің үйінің ауласында тұрғанын хабарлаған. Жол полициясы қызметкерлері машинаны айдап кетіп, өрімдей жастың өмірін қиған 1992 жылғы А-ны қолға түсірді. Ол Глазковтың танысы болып шықты.

12 желтоқсан күні Самара-Шымкент күре жолы бойында, Оралдан Ақтөбеге елу шақырымдай ұзаған тұста Митсубиси Паджеро джипі алдында кетіп бара жатқан жүк көлігін қуып жетіп, соқтығысқан. Соның салдарынан 1970 жылғы жүргізуші Эльмарт Өтеғалиев пен жолаушы, 1975 жылғы Жаннат Дерғожиева оқиға орнында көз жұмды. 12 жасар қыз бала мен 50 жас шамасындағы әйел ауыр халде облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Тағы бір жолаушы, 1963 жылғы Ақтөбе қаласының тұрғыны Сайра Ахметқалиеваға медициналық көмек көрсетілген.