БҚО-да «Жасырын келуші- 2013» шарасы барысында 419 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды

53 ауыл шаруашылығы кәсіпорны тексерілді.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шара барысында Қазақстанда болу ережесін бұзған 419 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережесін бұзған 24 жұмыс беруші де сондай жауапкершіліктен құтыла алмады. Мәселен, 24 қыркүйек күні Оралдағы «Самал» ауданында 5 өзбек азаматының жеке коттедж тұрғызуда заңсыз жұмыс жасағаны анықталды. 27 қыркүйекте Меловые горки кентінде автокемпингті салып жатқан 8 өзбек белгілі болды.

Сот шешімімен 22 шетелдік ел аумағынан шығарылды.


Елде болу ережесін бұзған 189 шетелдіктің уақытша болу мерзімі қысқартылды. Шетелдіктердің елде болу ережесін бұзғаны үшін соларды қабылдаған 52 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шара барысында көші-қон заңдылығын бұзудың 3 фактісі (Қазақстан шекарасын заңсыз қасақана кесіп өту) және іздестірілуде жүрген 6 қылмыскер ұсталды.