БҚО-да жүк көліктері соқтығысып, екі адам мен 39 жылқы өртеніп кетті

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ірі жол-көлік апаты 15 мамыр күні түнгі сағат 23.30 шамасында Қаратөбе ауданындағы Самара – Шымкент тасжолының 464-шақырымында болған.

«40 шақты жылқы тиеп алған «КамАЗ» көлігі мен жүксіз, бос келе жатқан түркиялық нөмірлі «Mercedes-Benz Actros» жүк көлігінің бетпе-бет соқтығысуы салдарынан, өрт тұтанған. Екі жүк көлігі де, тіркемедегі 39 бас жылқы да түгелдей өртеніп кеткен. Көліктердің ішінен өртеніп кеткен екі мәйіт шығарылды. Сондай-ақ түрлі жарақат алған бір адам Сырым ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің жеке басы анықталып жатыр», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Айта кетерлігі, өрт түнгі сағат 04.47-де өшірілді.