Бразилияда футболдан әлем біріншілігі басталады

Беташар ойын "Арена Коринтианс" стадионында 13- маусымда мәскеулік уақытпен 00:00 басталады.

Әлем біріншілігінің финалдық ойындарына 32 елдің ұлттық құрамалары қатысады. Олар әрқайсысы төрт командадан сегіз топқа бөлінген.Топтардағы ойындар бір айналымда өтеді.Топтар жеңімпаздары мен екінші орын алған командалар 1/8 финалға жолдама алады. Одан әрі біріншілік олимпиадалық жүйе бойынша жүргізіледі – ұтылған команда турнирден шығып қалады.

12 маусымнан 13 шілдеге дейін Бразилияның 12 қаласының 12 стадионында барлығы 64 матч өткізіледі.

Топтардағы ойындар 12 - 26 маусым аралығында, 1/8 финал ойындары - 28 маусымнан 1 шілдеге дейін, ширек финалдық ойындар - 4-5 шілдеде, жартылай финал ойындары 8-9 шілдеде, үшінші орын үшін болатын ойын - 12 шілдеде (жергілікті уақытты ескергенде) өтеді.

Финалдық ойын 13 шілде күні Рио-де-Жанейродағы "Маракана" стадионында өтетін болады.

Футболдан әлем біріншіліктері 1930 жылдан бері әрбір төрт жылда бір рет (1942 және 1946 жылдары турнир өткен жоқ) өткізіліп келеді. Биылғы финалдық турнирде чемпион атанған барлық сегіз елдің құрамалары қатысады. Әлемнің ең үздік командасы титулын бес рет Бразилия ұтса, Италия – төрт рет, Германия – үш рет, Уругвай мен Аргентина – екі реттен, Англия, Франция және Испания – бір реттен жеңімпаз атанды.


Әлемнің қазіргі чемпионы – Испания болып табылады, ол ОАР-да өткен 2010 жылғы әлем біріншілігінің жеңімпазы. Испандықтар финалда Голландия құрамасын тізе бүктірген болатын. Әлем біріншілігі Бразилияда осымен екінші рет өтеді.1950 жылғы турнирді өз елдерінде өткізген бразиялықтар финалда Уругвай құрамасынан жеңіліп,екінші орын алған болатын.