Б.Рысқалиев тобы мешіт пен көпірге бөлінген 307 млн.теңгені ұрлаған

Бұрынғы әкімнің ҰҚТ-ның мүшелеріне қатысты сот отырысында мемлекеттік айыптаушы мәлім еткендей, «Бизнес-Көмек» қоры облыста 2007 жылы құрылған. Оған Қазақстан және шетелдік компаниялардан Жайық өзені арқылы өтетін көпір мен жаңа мешіттің құрылысына қажетті демеушілік қаржыны жинау жүктелген. Демеушілер қордың есепшотына жалпы сомасы 863 млн.108 мың теңге аударылған.

Қылмыстық істі тергеу кезінде қаржы полицейлері аудиттің берген мәліметтеріне сүйеніп, демеушілерден түскен қаржы мақсатсыз жұмсалған деген қорытындыға келді. Олар ескерткіштің құрылысы, мерекелерді атап өтуді ұйымдастыру, су және газ құбырларын тасымалдауға, облыстың мәдени күндерін қаржыландыруға жұмсалған.

«Соның ішінде Б.Рысқалиев басқарған қылмыстық топ қалаға мешіт салудың маңызын біле тұра, түскен қаржыны ұрлау мақсатында мақсатсыз жұмсаған. «Бизнес-Көмек» қорының есепшотына түскен қаржының бір бөлігі, атап айтқанда 307 млн. 650 мың теңге Атыраудағы бірқатар нысандары салуды желеу етіп жымқырылған»,  - деді мемлекеттік айыптаушы.