Бұл туралы бүгін Алматының іргесінде орналасқан BTM Group зауытында жылуды оқшаулайтын мембрана шығару өндірісін іске қосу барысында зауыт басқармасының мүшесі Левент Оркмез мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл екінші өндіріс ошағы. Өткен жылы экструзионды полистиролдан жасалған жылуды оқшаулайтын плита шығару жолға қойылған.
«Біздің Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанымызға 8 жыл болды. Осы уақыт ішінде жергілікті нарықты жеткілікті дәрежеде зерттедік. Бізге көмек көрсетіп жатқандарға ризамыз. Қазақстанда бюрократиялық кедергілер жоқ. Атқарушы билік органдары мәселемізді шешуге және инвестиция жұмсауға көмектеседі. Сондықтан бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз», - деді Левент Оркмез.
Ол сонымен қатар, алдағы жылдары инвестиция көлемін арттыратындарын жеткізді.
«Біз күні бүгінге дейін Қазақстан экономикасына 30 млн. доллардай инвестиция салдық. Қазіргі таңда зауытта 65 адам жұмыс істейді. Өндіріс қуаттылығы 95 млн. долларды құрайды. Өнімдердің жартысын Қазақстан нарығына, ал қалған жартысын көрші мемлекеттерге шығарамыз. Алдағы екі жыл ішінде біз инвестиция көлемін 50 млн. долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Болашақта кішігірім холдинг құру ойымызда бар», - деді Левент Оркмез.