Бұдан былай әлем рекордын жаңартқан қазақстандық спортшылар тиісті наградалар алатын болады - ҚР Туризм және спорт министрі

Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы шілденің 30-ы мен тамыздың 5-і аралығында Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан өткен әйелдер мен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатында, 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов жұлқа көтеруден жаңа әлемдік рекорд (191 келі) орнатқан болатын.

Чемпионат республикалық деңгейде өткендіктен, В.Седовтың орнатқан бұл рекорды есепке алынбайды. Бұл үшін В.Седовқа сайыс күндері жеке есебіне қосымша 20 ұпай ғана қосылады. Оның үстіне, қолданыстағы ережелерде әлемдік рекордты жаңартқан спортшыға қандай да бір наградаларды беру қарастырылмаған.

Осыған байланысты бүгін өткен кеңес барысында Т.Досмұхамедов бұл мәселені шешуді қолға алуды тапсырды.

«Әлемдік рекорд орнатқаны үшін біз ешқандай награда бермейтініміз өкінішті. Бұл басшылардың, мүмкін менің де тарапымнан жіберілген қателік шығар. Ережеге тиісті өзгертулерді енгізуді тапсырамын. Өз кезегімде бұл мәселені жыл соңына дейін шешуге тырысамын», - деп атап өтті министр.