Бүгін Алматыда әдебиетсүйер қауым Таласбек Әсемқұловты ақтық сапарға шығарып салды

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ауласында өткен жаназаға жазушының туған-туыстары, үзеңгілес достары, басқа да ақын-жазушылар, өнер саласында жүрген азаматтар жиналып, марқұмның отбасына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасты.

Қаралы жиында сөз сөйлегендер Таласбек ағаның өмірі мен шығармашылығы, адамгершілік қасиеттері жайында шер тарқатты.

«Қазақ руханияты қара жамылды. Таласбек ағамыз ұлтқа керек рухани байлықты өзімен бірге әкетіп барады. Таласбек ағаның шығармалары әдебиетіміздің мол қазынасы еді. Уақыт өткен сайын олардың бағасы да  арта түсері анық. Қазақ ұлты барда Таласбек ағаның шығармалары мәңгі жасай береді. Сценарийін өзі жазған «Біржан сал» фильмінің күллі қазақтың сүйіп көрер киносына айналғаны бұған дәлел. Құдай ғұмыр бергенде Досхан ағаның қасында жүріп әлі талай дүниелер жазар еді. Қаламы да, домбырасы да жорға еді. Амал қанша, бұйырмаған екен. Шертпе күйдей шерлі өмір күтпеген жерден арамыздан алып кетті. Бірақ Таласбек ағаның мұралары мәңгі жасай береді», - деді өз сөзінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы.

Ал Ақтөбеден келген ақын Мейірхан Ақдәулет Таласбек Әсемқұловтың қазасына бүкіл қазақтың қабырғасы қайысып отырғанын айтты.


«Қазақ өнерінде, әдебиет саласында, қазақ интелигенциясының ішінде жан-жақты білімді, бүкіл дүние жүзінің ғылымы мен ілімінен хабардар, өзінің табиғи біліктілігімен ерекшеленетін бес-алты адам болған болса, солардың бірі Таласбек еді. Ол жүрегімен өмір сүрді, жүрегімен қызмет етті. Бойында қулығы жоқ, жаны жайсаң жан еді. Таласбектің қадірі енді артады. Арты қайырлы болсын», - деді М.Ақдәулет.

Өз кезегінде мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов өзінің Таласбек Әсемқұловпен достығын, сыйластығын өз өміріндегі үлкен олжа екендігін жеткізді.

«Таласбектің қазасы бүкіл қазақ үшін үлкен трагедия. Ол ерекше дарынды тұлға еді. Күйші десең күйші, ойшыл десең ойшыл, жазушы, драмтург еді. Жүрегі халық деп соғатын. Маған онымен сырласу, әңгімелесу бақыты бұйырған екен. Енді Таласбектің зерттеулері, жазған дүниелері мәңгілік халық жадында сақталады. Өйткені олар қазақ үшін өте құнды мұралар», - деді Мұрат Әуезов.

Қаралы жиыннан кейін дұға оқылды. Марқұм Кеңсай зиратына жерленді.