Бүгін Астанада «Айман-Шолпан» қойылымының заман ағымына сай өзгертілген жаңа нұсқасының премьерасы болады

Қойылымның режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.

Жаңарған қойылым әзілмен әрленген әдемі музыкалық комедия. Дегенмен, шығарманың мазмұны өзгертілген жоқ, оның тек сахналық берілу тәсілі өзгерді. Қойылымды заман үрдісіне сай жаңаша түрлету идеясы, театр көрермендерінің негізін құрап отырған жастардың көңілінен шығу мақсатында туындаған.

М.Әуезов өз шығармасында Айманның бейнесі арқылы қазақ қыздарының ізеттілік пен инабаттылығын, кең пейілділігін, тапқырлығын, күш-қайратын суреттеді. Көрермен оқиға желісімен бірге, қазақ халқының салт-дәстүрін тамашалап, әуезді классикалық әуендермен құлақ құрышын қандырды. Ал жаңа қойылымда Әуезовтың классикалық кейіпкерлері - Айман мен Шолпан бүгінгі заманғы «олигархтың» ерке қыздарына, Әлібек интеллигенция өкіліне, Арыстан мен Көтібар «жаңа қазақ» бейнесіне айналды. Жарас ди-джейдің, Теңге - «вамп әйелінің» бейнесінде көрініс табады. Сондай-ақ, көрермендер айтыс пен заманауи би үлгілерін тамашалайтын болады. Жаңадан жазылған әндердің авторы Қайрат Тоқымбетов.