Жеті қат аспанға алғаш рет зымыран аттанған аймақ кешелі бері той- думанның құшағында. Адамзаттың ғаламат туындыларының бірі – Байқоңыр космодромы. Жер бетіндегі алғаш салынған ғарыш айлағынан әлі күнге дейін дүниежүзі бойынша ең көп зымыран ұшырылады. Жер кіндігі саналатын Байқоңыр қазірде мерейтойлық сән-салтанатты кейіпке енген. Келбетті шаһар әрленіп, абаттанып, жасанып, жасарып тұр. Ғарыш қақпасының 60 жылдығы кешеден бері тойлануда. Байқоңырға алыс-жақыннан арнайы ат арытып келген меймандар мәдениет үйінде бас қосты. Ғарыш саласының ардагерлері жылышырай қауқылдасып, космодромның қалыптасу кезеңінен сыр шертісті. Салтанатты шара алдында қонақтар назарына Байқоңырдың тарихынан ақпар беретін көрме ұсынылды. Келушілер алып кешеннің әр кезеңдердегі даму сатысына шолу жасады. Одан әрі мерекелік жиын барысында ресми тұлғалар баяндамасы тыңдалып, 20 адамға «Байқоңырға – 60 жыл» мерейтойлық төсбелгілері табыс етілді. Жалпы Байқоңырдан осы 60 жыл ішінде 200-ден астам адам көк сеңгірге самғады. Зымырандардың 40 түрі ұшырылды. Қазірде қазақ елі Ресей Федерациясымен тізе қосып, ғарышты игеру жолында толымды тірліктер тындырды. Осы жобалардың елімізге маңыздылығы жөнінде кезінде облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың ой-пікіріне құлақ асқан едік.
Сейілбек Шаухаманов – Мемлекет және қоғам қайраткері - Ресеймен бірге ғарыш айлағын игеру жұмыстары Қазақстанда қолға алынып жатыр. Бұл біздің ғылымымызды, техникалық әл-ауқатымызды дамыту үшін өте қажетті шара. Бұл үлкен ғылыми-техникалық прогресс. Бұдан біз тыс қала алмаймыз. Мемлекетіміздің, мемлекет басшыларының достығы арқасында Байқоңырда көпшілігі біздің ұлт өкілдері. Бұл мәдениетті, өркениетті қала. Біздің мамандар осында оқып жатыр, жұмыс істеп, осында тәрбиеленіп жатыр. Біз біргеміз. Мерейтойлық шаралар бүгін таңсәріден басталды. Қала тұрғындары мен қонақтары ғарыш техникасын құрастырушылар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара «Онжылдық» стадионында жалғасты. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының туы көтеріліп, әнұрандары шырқалды. Айырықша еңбегі сіңген 4 адамға «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Шара әскери ансамбльдің концертімен жалғасады. Сондай-ақ Байқоңыр сахнасында КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева ән шырқайды. Одан кейін жас өнертапқыштардың қолдан жасап шығарған зымыран модельдері ұшырылмақ6 - деп хабарлайды http://24.kz/kz сайты.