Бүгін бір топ қостанайлық марафоншы Астанадан Тараз қаласына аттанды

Марафоншылар құрамында 11 адам бар. Жүгірушілер тобына Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып және спорт ардагері Бекқұл Садықов жетекшілік етеді.

Тараз жеріне аттанғандардың ішінде 74 жастағы Сағындық Салмурзин мен 73 жасар Петр Шекетер бар. Олар бұған дейін әр түрлі деңгейдегі 50 шақты марафонға қатысқан. Сонымен қатар жарыс жолына нәзік жандылардың арасынан Римма Воеводинаның жалғыз өзі шыққанын айта кеткен жөн. Римма бірнеше халықаралық марафондарға қатысқан спортшы.

Сондай-ақ жүгірушелердің қатарында бокстан спорт шебері Мұхтар Ахметов пен танымал спорт журналисі Сергей Биркле бар. Осы команда құрамында марафоннан Қазақстанның жеңімпазы, әділет подполковнигі Құрманай Есіргепов және оның шәкіттері, ҚР Әділет министрлігіне қарасты Қостанай қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі академиясының курсанттары Жасұлан Сәдуақасов пен Ерлан Нұғманов та жүгіріп бара жатыр.

Жол бойы кездескен елді мекендерде марафоншылар соғысқа қатысқандарға орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, тұрғындармен жүздесіп, салауатты өмір салтын насихаттап келеді. Кеңес одағының Батыры Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысында даңқы жер жарған қолбасшы болғанын, Мәскеуді қорғаудағы ерен ерлігін айтып, жастарды патриоттық тәрбиеге үндейді.

«Бізді барлық қалалар мен ауылдардың тұрғындары қошеметпен қарсы алуда. Жергілікті басшылар мен «Нұр Отан» партиясының жетекшілері құрмет көрсетуде. Ал жастар марафон туралы көбірек білгісі келеді және бізбен бірге біраз жерге дейін бірге жүгіріп, шығарып салады»,- дейді марафоншы Құрманай Есіргепов.

Аталған марафондық жүгіру сапары қыркүйектің 24-і күні Тараз қаласында мәреге жетеді. Марафоншылар Бауыржан Момышұлының туған жерінде болады деп күтілуде. Ал қыркүйектің 27-сі күні Қостанайға оралады.