Бүгін еліміздің кей өңірлерінде қатты аяз күтіледі

Тек  Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерінде атмосфералық ауаның ауысуына байланысты ауа райы құбылмалы болады, бірқатар өңірлерде қар жауып, бұрқасындатады, жел күшейеді. Тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының кей аймақтарында түнде желдің жылдамдығы секундына 15-20 м жетіп, боран болуы мүмкін. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұман түседі.


Қостанай облысында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 м дейін күшеймек. Ал Алматы облысында тұман түсіп, көктайғақ болады. Мұнда да желдің күші секундына 15-20 м дейін жетеді.

Бүгін түнде Қарағанды, Қызылорда облыстарында, сонымен қатар Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде қатты аяз болады деп күтілуде.