Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Австриямен кездесу өткізеді

Алғашқы матчын Түркиядан 3:0 есебімен ұтылудан бастаған Қазақстан құрамасы Австрияға 4-і күні ұшып кеткен еді. Бүгінгі «Ред Бул Арена» стадионында өтетін ойынға 35 жасар хорват Марио Страхоня Бас төреші болып тағайындалған. Ол бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасы мен клубтық командалары қатысқан ойындарға төрешілік жасамаған.

Ойыншылары негізінен неміс Бундеслигасында өнер көрсететін Австрия құрамасында Экрем Даг («Бешикташ», Түркия), Себастьян Предль («Вердер», Германия), Дэвид Алаба («Бавария», Германия), Мартин Харниктер («Штутгарт», Германия) бүгін бізге қарсы ойнайды. Бас бапкерлері - Диди Константини.

Жалпы, қос команда бұрын соңды кездеспеген. Тек, 2009 жылы 19 жасқа дейінгілер арасында Европа Біріншілігінің іріктеу сындарында екі елдің әйелдер құрамасы кездескен еді. Ол ойын 2:1 есебімен қарсыластар пайдасына шешілген болатын. Сонымен қатар, 2003 жылы «Интретота» кубогі жолында қазақстандық «Тобыл» клубы мен австриялық «Пашинг» командалары ойнады. Өз алаңында өткен бірінші ойында «Тобылдықтар» 0:1 есебімен есе жіберсе, қарымта ойында да 0:3 есебімен жеңіліс тапқан еді.

Бүгінгі ойыннан «Хабар» арнасы Астана уақытымен 00:15-те тікелей көрсетілімін бастайды.