«Алматы- 2022» өтінім комитеті делегациясы 2022 жылы Алматыда Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге байланысты берілген өтінімдерін таныстырды.
Шара барысында «Алматы-2022» өтінім комитетінің өкілдері 2022 жылы Олимпиада ойындарын өткізу туралы өз ойларын ортаға салды.
«Біздің Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге қатысты ұсыныстарымыз баршылық. Қазіргі кезде нысандардың 70 пайызы дайын», - деді «Алматы-2022» өтінім комитеті төрағасының орынбасары Андрей Крюков.
Оның сөзіне қарағанда, Алматы қаласында спорт нысандары болғандықтан Халықаралық олимпиада комитеті үшін қауіпсіз таңдау болып табылады.
«Бағалау Комиссиясы келіп кеткен соң біздің команда тиімділік жоспары бойынша көптеген жұмыстар атқарды, біз операциялық бюджетті 500 миллион долларға дейін қысқарта алдық. Ойындағы жаңартылған концепция біздің Лозаннадағы таныстырылымымыздың негізгі себебі болады», - деді Андрей Крюков.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Олимпиада ойындарын өткізуге Пекин қаласы да өтінім берген. Олардың өтінімі де Алматыдан соң таныстырылды. Соңғы шешім 31 шілде күні Халықаралық олимпиада комитетінің кезекті сессиясында белгілі болады.