Бүгін мұсылмандардың ұлық мерекесі Рамазан басталды

Қасиетті Құранда: "Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай" деп оның маңызының ерекше екенін атап көрсеткен. Рамазан айында ораза ұстау мұсылмандар үшін парыз.

"Рамазан айы жәннаттың есіктері айқара ашылған, жаҺаннамның есіктері тарс жабылған, азғын шайтандар шынжырмен кісенделген мүбәрак ай", деп паш етілген. Бұл айда әрбір мүмін қасиетті Құран Кәрімді көбірек оқып, мағынасын зерделей түскені абзал. Өзара сұхбаттар, тауарих уағыздары, күндізгі тиләуаттар мұсылмандар қауымын біріктіріп, жаңа рухани жетістіктерге бастайды.
Рамазан айында мүмкіндігі бар мұсылмандар жарлы-жақыбайларға, мүгедектер мен жетім-жесірлерге қарайласып, көмек берудің қайырымдылық пен бауырмалдықтың үздік үлгісін көрсетеді.
Қарашаның 9-ынан 10-ына қараған түні Қадір түні. 14 қараша (жексембі ) күні Ораза мейрамы басталады. Айт намазы бұл күні сағат 8-ден 20 минут өткенде оқылады.