Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды

Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айының ерекшелігі - бұл ауыз бекітетін, жалпыға ортақ ізгі амалдар жүзеге асатын маусым, яғни, бұл айда игі мұсылман қауымының бес парызының бірі - ораза ұстау басталады. Жалпы «ораза» сөзінің мағынасы - бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді. Ал оразаның парызы - ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.

Бұл айда өзін мұсылман санайтын әрбір азамат Рамазан айын құрметтеп, Жаратушы Иенің бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтанады. Ораза тұтып, ғайбат жасамаған, жалған сөйлемеген, ешкімді ренжітпеген, харамдардан сақтанған адам Рамазан айын құрметтеген болып саналады. Хадис шарифтерге сүйенсек: «Мұқият болыңдар. Рамазан айындағы сауап пен күнәлар еселеніп жазылады. Рамазанда көп намаз оқыңдар, көп Құран оқыңдар. Өйткені, Рамазанда оқылған Құран Кәрімнің әрбір әрпі үшін Хақ Тағала жәннат бақшаларынан бір бақша береді» делінеді. Яғни, Рамазан айын құрметтеген адам Алла Тағаланы құрметтеген болады.

Биыл Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде өкіл имамдардың бірауыздан келісуімен Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері 200 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, Ораза айт намазына дейін беруге болады.

Қасиетті Қадір кеші - шілденің 1-нен 2-сіне қараған түн. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.

Қасиетті айдың қарсаңында Алматыдағы Республика сарайында, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында, облыстардағы мәдениет үйлерінде «Қош келдің, Рамазан!», «Берекелі мереке», «Берекелі Рамазан» деген тақырыппен рухани-мәдени, патриоттық кештер ұйымдастырылды.

Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі.

Ораза кімдерге парыз?

Осы сұраққа келсек, дін мамандары ең алдымен ораза ұстаушы кісінің мұсылман болуы, яғни ораза мұсылмандарға парыз екенін алға тартады. Екіншіден, ораза ұстауды ниет еткен жан балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болуы қажет. Сондықтан жас балаға және ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Үшіншіден, ораза ұстауға күші жетуі және тұрғын болуы тиіс. Яғни, науқас немесе ұзақ сапар шегетін жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ бұл адамдар да ораза ұстаса, олардың оразасы дұрыс делінеді. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал жүкті әйелдер мен бала емізген аналарға да ораза парыз емес. Бірақ мұсылман болғандықтан олар ораза қазасын басқа күндері өтейді.

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру - уәжіп. Бұлар - ауруларынан айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Бұл жайында Құранда Алла Тағала «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін», - дегені келтіріледі. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу - парыз». Дегенмен, кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Алладан кешірім тілейді. Өйткені, «Алла адамға көтере алмайтын жүкті бермейді». Сонымен қатар, кейбір адамдардың оразаның денсаулыққа зиян екенін айтатыны бар. Алайда, керісінше, оразаның адам ағзасына пайдалы екенін ғалымдар дәлелдесе, екінші жағынан Жаратушы Иеміз де адамға зиян нәрсені жасауды бұйырмайды. Бұл тұрғыдан алғанда оразадан азат, жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам фақиһтері арасында ауызбірлік бар. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес. Оған діндарлар мына аятты дәлелге тартады: «Алла сендерге дінде қиыншылық жасаған емес». 

Ораза тұтудың  денсаулыққа пайдасын білеміз бе?

Шындығында, оразаның адам ағзасына, денсаулыққа пайдасы зор. Өйткені таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден тыйылудың көптеген дерттерге дауа екендігі бұған дейін ғылыми түрде зерттеліп, дәлелденген. Ораза адамға ас ішу, тыныс алу, ұйықтау, іс-қимыл жасау сияқты оның ағзасы үшін өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі болып табылады. Ал нақты мысалдарға келсек, ораза адам ағзасындағы қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюға септеседі.

Екіншіден, ораза тұту қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі, ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі демалады. Бұл без қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөледі. Егер адам ұйқы безінің шығаратын инсулиннен артық мөлшерде тамақ жейтін болса, онда бұл ұйқы безіне ауыр тиіп, оның жұмыс істеу белсенділігін төмендетеді. Үшіншіден, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтіп, көптеген сырқаттарға қарсы тұру қабілетін арттырады. Төртіншіден, семіздік пен оның салдарынан сақтайды. Әдетте семіздікке ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы алып келеді. Ал ас қорыту мүшелерінің бұзылуына әкеп соқтыратын бірден-бір факторлар - қоршаған орта, жан күйзелісі мен қоғамдық қысым. Сонымен қатар, ораза уақытында құлшылық ете отырып, Аллаға бағыштап зікір жасау, Құран оқу адамды ашу-ыза мен шиеленістен алшақ ұстатады, денесі мен рухының барлық күш-жігерін пайдалы және оң бағытқа салады. Бесіншіден, бауырда тастардың жиналуынан, қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Алтыншыдан, жыл бойы үздіксіз тамақтану, әсіресе консервіленген және шала дайын тағам өнімдерін қолдану, дәрі-дәрмектер ішу мен ластанған ауа салдарынан денедегі жасушаларға жиналып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғайды. Демек, оразаның адам ағзасы үшін пайдасы шексіз. Мұны соңғы жылдары медицина ғылымы да жан-жақты дәлелдеп отыр.

Түйіндей айтсақ, адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған Рамазан айының пайдасы көл-көсір. Ендеше осы қадірлі айда ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай!