Бүгін Қазақстанда ұлттық ғашықтар күні

2011 жылы Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы бұл күнді өздерінің ресми шараларының қатарына қосқан болатын. Ал 2012 жылы Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехниткалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Алматыда биылғы жылы осы мереке қарсаңында «Махаббат жұбын» да атап үлгірген.

Бұл атаулы күн бұрын ақпан айында аталып өтіп жүрген халықаралық ғашықтар күніне балама ретінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты мен сүйіспеншілігіне арналуда.

Сөйтіп, елімізде ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мереке дәстүрге айналып келеді. Енді оны ұлттық дәстүрлерімізбен жарастырып, одан әрі байыту, әрі қарай жалғастыру - қоғамның, әсіресе жастар қоғамының міндеті. Қазақстанда Еңлік-Кебек, Қыз Жібек пен Төлеген сияқты түрлі ғашықтардың атымен аталатын махаббат мерекесін тойлау туралы ұсыныс айтылып та, жазылып та жүр. Іс жүзінде олардың ешқайсысы 14 ақпан күнгі Әулие Валентин сияқты кең дәрежеде аталып өткен емес. Бірақ ұлттық мерекенің қоғамға сіңіп кететіне сенетін адамдар көбейіп келеді.


13-14 ғасырлардағы "Қозы Көрпеш Баян сұлу" эпосы бір-біріне қосыла алмаған ғашық жігіт пен қыздың қайғылы махаббатын жырлайды. Осы эпос бойынша кинофильм түсірілген, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің аттас пьесасы бар. Оның желісімен 1940 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған пьеса қазірге дейін театр репертуарынан тұрақты орын алып келеді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы Таңсық ауылының маңында Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан Қозы Көрпеш- Баян Сұлу мазары - 10-11 ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші.