Бүгін — Қырғыз Республикасында аза тұту күні

Бұл туралы kyrtag.kg хабарлады.

«2016 жылдың 27-тамызында қос бірдей қайғылы оқиға болды. Қырғызстан Республикасының 14 азаматы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы өрттен қаза тапты. Сол секілді Бішкек-Ош автожолындағы жол апаты 9 отандасымыздың өмірін жалмады», — делінген жарлық мәтінінде.

— Бұл — Қырғызстан халқы үшін ауыр қаза. Қырғызстан Республикасының мемлекеттік органдары қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына қолдау көрсетеді. Адамдардың опат болу себептерінің әділ тергелуін қамтамасыз ету жұмысы, оның ішінде Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарымен келіссөздер жүргізілуде, — деп атап өтті президент.

Алмазбек Атамбаев қазаға ұшырағандарды аза тұтып, олардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айта отырып, 2016 жылдың 29-тамызын Қырғызстан Республикасында аза тұту күні деп жариялады.


Аза тұту күні Қырғызстан Республикасы аумағында, сондай-ақ шетелдегі дипломатиялық және консульдық өкілдіктер ғимараттарындағы мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Ойын-сауық шаралары тоқтатылады.

Еске сала кетелік, өткен сенбі түнде Мәскеуде баспахана өртеніп, 17 адам қаза тапты. Оның 14-і — осы баспаханада жұмыс істейтін қырғыз қыздары.