Бүгінгі күнге дейін 7-ші қысқы Азия ойындарына қатысатындығын 27 елдің спортшылары қуаттады

Қатысушылардың саны күнде өзгеріп отыр. Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстандағы Ақ Азиадаға Азия құрылығына енетін 45 елдің 31-і қатысады деп күтілуде. Өтінімдерді беру уақыты аяқталған жоқ, ал қатысуға ниет білдіруші мемлекеттердің саны күннен күнге арта түсуде. Мысалға, Ұйымдастыру комитеті таратқан мәліметке сәйкес, 7 желтоқсанға дейін Ойындарға қатысатындығын 24 елдің 1130 спортшысы мен 543 ресми делегациясы қуаттаған болатын. Ал бүгін ол сан жаңадан тіркелген Пәкістан, Ауғанстан және Сингапур мемлекеттерімен 27-ге дейін ұлғайды.

Қазақстан Ойындарға қатысатын спортшылардың саны жағынан алда тұр. Ел намысын барлығы 167 спортшы қорғамақ. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея (140 спортшы) мен Моңғолияның (137) ұлттық құрамалары орналасқан.

2011 жылғы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтетін Ақ Азиадада спорттың 11 түрі бойынша (конькимен жүгіру, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында), мәнерлеп сырғанау, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл, допты хоккей бойынша жарыстар (бенди), тау шаңғысы спорты, шаңғы жарысы, биатлон, шаңғымен қысқы спорттық бағдарлау және шорт-трек) барлығы 69 жиынтық медаль сарапқа салынады.

Айта кетейік, І және ІІ қысқы Азия ойындарын өткізген Жапония өз алаңында сәйкесінше 7 және 10 елді, Қытай (ІІІ) - 16, Корея (IV) - 21, Жапония (V) - 17, Қытай (VI) - 45 елді қабылдады. Азиада тарихында отандық спортшыларымыз әр жылдары барлығы 37 - алтын, 30 - күміс және 27 - қола награда жеңіп алды.

Еске салайық, 2011 жылдың 30 қаңтар күні кешкі сағат 18.00-де, Астанадағы «Астана-Арена» стадионында 7-ші қысқы Азия ойындары салтанатты түрде ашылып, Ойындардың басты алауы жағылады. Бір жетіге созылатын байрақты бәсекеден кейін, 6 ақпан күні Ойындар Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында ресми түрде жабылады. 17.00-де басталатын салтанатты бұл рәсім екі сағатқа созылады деп күтілуде.