Шараның салтанатты ашылу рәсімі кезінде кіріспе сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың атап өткеніндей, Жамал Омарованың өмірі де, өнері де кейінгі буынға ғажайып өнеге болып қалмақ.
«Жамал Омарова - өнер мен мәдениеттегі қайталанбас тұлға. Қазақ халқының осындай өнер майталмандарының өмірін, өнерін әрқашан да қасиеттеп, құрметтей білсек, сонда ғана біз өзіміздің тау суындай мөлдір өнерімізді сақтай аламыз», - дейді Д. Мыңбай.
«Жамал Омарованың сол кезде жазып алынған әндер таспасын өңдеп, таза қалпында жеткізуге барлық мүмкіндіктеріміз бар. Соның барлығы алтын қорда сақтаулы, оларды жарыққа шығарып, елге таныстыруға тиістіміз. Өйткені мынадай заманда есті әнді есер әннен ажырату үшін бізге осындай әндер керек. Біздің жастарымызды, өнер жолындағы жас буынды тәрбиелеу үшін осындай өнерпаздар дәріптелуі қажет», - деді министр.
Концертте ҚР халық әртісі Сара Тыныштығұлова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Жәмилә Жарқымбаева, Ғалия Байғазинова, Азамат Жылтыркөзов, халықаралық конкурстардың лауреаттары Айзада Қапонова, Бибігүл Жанұзақ, Бейімбет Танарықов, Баян Жүсіпова, сонымен қатар Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі, «Шалқыма» би ансамблі, К.Байсейітова атындағы ҰОБТ оркестрі, хоры және балет труппасы өнер көрсетті.
Жамал Омарова - Өзбек ССР-нің Янгиюль қаласында туып, Ташкент қаласының педагогикалық училищесін бітірген. Ол қазақтық ұлттық операсы мен ән мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосып қана қоймай, актерлік кәсіпке де кеңінен араласқан адам. Ол музыкалық драмалық спектакльдерден Мақпал (Б. Майлиннің «Шұғасы»), Қамқа (Ғ. Мүсіреповтың «Қыз Жібегі»), Айман (М. Әуезовтің «Айман-Шолпан») образдарын жасады. Оның репертуарында «Бипыл», «Қараторғай», «Ләтипа», «Ләйлім», «Ахау бикем», «Шынар-ай», «Ертіс» сияқты қазақтың халық әндері, Евгений Брусиловскийдің «Алтай», Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», А. Телғозиевтің «Менің елім» және тағы да басқа әндері бар болатын.
1934 жылдан бастап Жамал Омарова қазақ радиосында жұмыс істеп, сол күннен бастап әншінің ешкімге ұқсамайтын қайталанбас ғажап дауысы күн сайын радиодан шырқалып, республиканың барлық облыстарын аралаған гастрольдік сапарларында елге кең жайылып, таралып жатты.
Жамал Омарова - халықтың сүйіктісі, тума таланты, жарық жұлдызы болған ерекше құбылыс.