Алматы полицейлері бірнеше адамды тақырға отырғызған азаматтың әрекетін әшкереледі. Бұл туралы Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйене отырып, Caravan.kz тілшісі хабарлады.
40 жастағы Андрей Ким ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Полицейлердің айтуынша, ол жақында ғана өткен футболдан Еуропа Чемпионатына тіккен ақшаны ұтқызып беремін әрі айына мың доллар сыйақы төлеймін деп танысынан 30 мың доллар алған. Тағы біреу осы үшін оған 10 мың доллар беріпті.
Ким зардап шегушінің арызы бойынша уақытша қамауға алынды. Ол ірі көлемде ақша алғанын теріске шығармайды. Бірақ оны қарызға алдым деп отыр. Оның бұл әрекетінің нақты себебі тергеу барысында анықталады. Полицияға Кимнің үстінен үш арыз түсіпті. Енді оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде.
Тәртіп сақшылары Андрей Кимнен зардап шеккендер болса, мына телефондарға хабарлассын деп отыр: 298-53-01, 298-53-02, 298-53-05.