«Бүкіләлемдік бокс сериясының екінші маусымында біріншіге қарағанда көп ерекшеліктер бар. Былтыр біз еуропалық конференцияда өнер көрсеткен едік. Бұл маусымда командалар екі топқа ғана бөлінді. Ең жақын қала - Мәскеу, ал қалғаны өте алыста жатыр», - дейді Ф. Дамиани. Ал «Астана арландары» командасының бас директоры Болат Манкеновтың айтуынша, бұл маусым пішіні жағынан өте қызық және күрделі. Алғашқы маусымда құрлықтық біріншілік жеңімпаздары өзара кездессе, енді топтық кезеңде түрлі елдер өзара топтастырылып отыр. Барлық ел Олимпиада ойындарына дайындалып жатқандықтан, бастапқы кезде көптеген командалар өз құрамын жасақтауда түрлі қиындықтарға кездесті. Дегенмен бәрі бұл тығырықтан шығып отыр.
Жалпы бұл маусымда «А» тобында Астана, Мәскеу, Милан, Бангкок, Лос-Анджелес пен Мумбай қалаларының командалары өнер көрсетуде. Ал «Б» тобында Баку, Бейжің, Лейпциг, Мехико, Париж, Ыстамбұл командалары топтасқан. Қазір онда Италия мен Қазақстан, Әзірбайжан мен Мексика өз топтарында көш бастап келеді. Ертең енді астаналықтар мен миландықтардан бөлек, мехиколықтар мен бейжіңдіктер, мумбайлықтар мен бангкоктықтар, мәскеуліктер мен лос-анджелестіктер, ыстамбұлдықтар мен лейпцигтіктер, ал арғы күні бакуліктер мен париждіктер кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Одан кейін олар 11-13 ақпанда ақтық рет кездеседі. Онда өз тобында үздік шыққан 8 команда жартылай финалда, ал оның жеңімпаздары ақтық сында Бүкіләлемдік бокс сериясының екінші маусымындағы кубок жеңімпазын анықтайды.
Былтыр ақтық сайыста Париж бен Астана қалаларының командалары кездесіп, француздар кубоктың тұңғыш иегері атанған болатын.