Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Әнші Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында отбасымен Түркістанға көшкенін айтты. Айтуынша, ол бұл шешімді балалары тамырын сезініп өссін деген ниетпен қабылдаған.
"Түркістанға көшіп келдік. Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес. Бұл – жүрекпен қабылданған шешім. Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар.
Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұрады. Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан тек киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі.
Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалар емес, із қалдыратын істер атқару үшін. Түркістан, саған сәлем. Қадірлі Түркістандықтар, сіздерге құрмет.
Біз бұл қалаға қонақ болып келген жоқпыз. Біз – бірге еңбек етуге, бірге өркендеуге, бірге тарих жазуға келдік. Киелі мекеннің келешегі – оның бүгінгі қадамына байланысты. Ал біз сол қадамның нық, саналы, батыл болғанын қалаймыз. Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі", - деп жазды ол.
Желі қолданушылары өнер иесін құттықтап, ізгі тілектерін жарыса жазуда.
"Киелі қалаға қош келдіңіз", "Жаңалық деп осыны айт, Ақ Төреш енді біздің қаламызда тұрады", "Керемет, берекелі бастама болсын", "Құтты қоныс болсын. Жаңа қоныс сізге шабыт сыйласын", - деп жазды олар.