Бұл жайлы ол тағы да қозғап, бұл істің артында "алпауыт біреулердің тұрғанын" Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Осыдан екі жыл бұрын адам ағзасын сататын “қара базарды” анықтау керек екенін көтерген едім!
Сол уақытта көптеген адам маған қарсы шығып, тіпті айтқан уәждеріме сенбей, маған ауыр сөздер де жазған…
Бүгін, міне менің сөздерім - дәлелін тауып отыр!
Сол кезде Аяжанның өлімі - бұл “дабыл” деп, құзырлы органдарға бұл бойынша жұмыс істеп, талай адамның өміріне араша түсуге де шақырдым! Бірақ, еш нәтиже болмады!
Адам органын рұқсатсыз алатын Заңға да қарсы шыққанымды білесіздер!
Себебі, адамдардың белгісіз ізім-қайым жоғалуы, ұрлануы, “сауданың көкесі” сонда болатынын айтып, шырылдадым…
Ал енді адамдарды малша бауыздап, дене мүшелерін бөлшектеп тұрып сатудың обалы кімге?
Әттең…! Тыңдарға - құлақ, көретін - көз болмады!
Енді кеп, жерден жеті қоян тапқандай “бұл қылмыс әшкереленді” дейді!
Бізде қылмысқа тікелей жол беретін Заңды шығарып салады да, содан кейін сонымен кеп күреседі!
Ірі шенеуніктер миллиондар мен миллардтаған “пайдаға” бататын болған соң, бұл Заң іске қосылды, қолданысқа енді!
Бұлардың артында - алпауыт “біреулер” тұр!
Обалдан да, Құдайдан да қорықпайтындарды біртіндеп тұрып қамайтын уақыт жеткенімен, әлі де “акула-саудагерлер” ұсталмай отырғаны - Қазақстандағы құзырлы органдардың “бет-бейнесін” және “көлегейлі бизнестері” мен жұмыс көрсеткіштерінің көтерілмеуінің нақ себебін әшкерелейді!
Мәжіліс депутаттары, Адам ағзасын рұқсатсыз алуға болады деген бұл Заңды жоюды талап етемін", - деп жазды Айгүл Орынбек.
Естеріңізге салсақ, екі жыл бұрын Айгүл Орынбек денесі бөлшектелген күйде табылған Аяжан Еділова туралы айтқан болатын.
"Адамның рұқсатынсыз органын алуға болатыны жайлы заң шығып жатқанда барынша шырылдап едім, ешкім тыңдамады! Бұл заң бізде былтыр ғана шықты. Аяжанның өлімі бұл бүкіл халыққа ДАБЫЛ болу керек!
Дені сау қызды шақырып алып, бөлшектеп тастағанды жігітті тек ауытқуы бар деп көрсете салуы әбден мүмкін, бірақ мен сенбеймін! Ол дәрігер мамандығын оқыған, маман! Бұл жігіт бір мүдделі топқа жұмыс жасауы әбден мүмкін. Адам органдары тікелей сатылмасада,қара базар арқылы сатылады. Мен мұндай тұжырымға қайдан келдім, қыздың ағасының сұқбатын қайта -қайта көріп шықтым. “Ол жерде басқа адамның денесі болды, нақты қайсы екенін анықтай алмай жатыр”,деп айтты! Яғни бұл жігіт бұдан бөлек қанша адамды сойып, бөлшектеп, керек органдарын алып, басын қайнатып жүруі әбден мүмкін ғой, дұрыс па? Полиция соңғы кездерде еш хабарсыз жоғалып табылмағандарға да назар аудару керек!
Бұл ешқандай адам жегіш емес, бұл адам органын сататын мүдделі топтың бір мүшесі ғана деп ойлаймын! Полиция мен ҰҚК бірігіп жұмыс жасап адам органын сататын үлкен топты құрықтау керек! Қара базарда, интернетте бір бүйректің бағасы 80000 доллар тұрады деп ашық жазылып жатқан заманда, адамды ұрлап әкетіп бөлшектей салады. Біз адам органынын рұқсатсыз алуға болады деген заңды қайта қарауымыз керек!" - деп жазған болатын заңгер.
Ал кеше ғана Алматы облысының полиция департаменті прокуратурасының үйлестіруімен трансплантациялау үшін адамның ішкі ағзаларын алып-сатумен айналысқан қылмыстық топтың ұсталғаны белгілі болды.
Бұл туралы Polisia.kz жазған болатын.
Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерімен 22 фигурант (ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариус, реципиенттер мен донорлар) жеткізілді. Олар реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды ресімдеу және ішкі органдарды трансплантациялау бойынша операцияларды ұйымдастыру міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен.
Келісім сомасы 6-10 миллион теңгені құрады, осындай сегіз факт анықталды.
Үш негізгі ұйымдастырушы қамауға алынды.
Іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша күдіктілерден ақша, құжаттама, цифрлық тасымалдағыштар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
“Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін алып-сатуға тыйым салынады.
ҚР ҚК-нің 116-бабы бойынша “Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою” сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.