«Булгария» теплоходы құрбандарының арасында Қазақстан азаматтары жоқ

Бұл туралы журналистерге бүгін баспасөз мәслихатында министрліктің төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры Диханбек Сатылғанов мәлім етті.

«Біз ресейлік әріптестерімізбен байланыстамыз. «Булгария» теплоходы құрбандарының арасында қаза болған біздің азаматтарымыз туралы ақпарат түскен жоқ. Әзірге ол жақта қаза болғандардың санын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, бізде де, Ресейде де жедел байланыс желілері жұмыс істеуде. Біздегі нөмір - 112», - деді Д.Сатылғанов.

Естеріңізге сала кетейік, «Булгария» теплоходы кеше, 10 шілде күні күндіз Татарстанда Куйбышев су қоймасында апатқа ұшыраған болатын. Кеме жағалаудан 3 шақырымдай жерде суға батып, 20 метр тереңдікке түскен. Апатқа жайсыз ауа райы - қатты жел мен нөсер жаңбыр себеп болған деген пайымдаулар айтылуда.

Қаза болғандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны - 120 адам. Соңғы мәліметтер бойынша, 79 адам құтқарылған. Кеме бортында 197 турист, экипаж мүшелері және бірнеше тіркелмеген тұлғалар болған.