Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
"Сәтті бола ма, сәтсіз шығама, оған қатты алаңдамаңыз. Режиссерлер өзіне дейінгі буындармен өре таластырып еңбектенеді. Өзгеше бәсекенің түрі. Не үшін Қызжібек фильмі қайта түсіріліп отыруы керек?
Қызжібек фильмі әлі он неше рет түсіріледі. Бұл түсіруші режиссерлардың қатарында сіздің балаңыз немесе немерелеріңіздің біреуі болуы мүмкін. Сол кезде оған өз ұсынысыңызды айтуды ұмытпаңыз.
1. Қызжібек фильмі киносы тапшы заманның, орыстандыру саясаты күшейген уақыттың адамдарына ұлттық жігер, көркемдік берген фильм болғандықтан үлкен тарихи мән мен құрметке ие. Махаббат танымы әлем халқына ортақ. Біздің Қызжібекті жас буын өліп-өшіп іздеп көрмейді, таңғалмайды, кейіпкерлердің суретін жапсырып, көшіріп әуре болмайды. Себебі, фильмнің қызықтыру қуаты шекті. Өзбек те, түрік те, сақа да, қағас та осы махаббаттың ұлы өкілдері туралы фильмді өліп-өшіп көретін көшпенділік тамаша сипатта көтеруіміз керек.
2. Кейіпкерлерде таңғажайып сұлулық жоқ, өңдері орташа. Қыз қауымы мен жігіт қауымы өліп-өшіп қарай беретін бейнелер тапшы. Қазіргі уақытта Қазақтың өте келбетті жігіттері мен аяулы қара көздерінің қатты сұлулары жетіп артылады. Соларды тәрбиелеп түсіру керек. Қазақтың сұлулығын әлемге танытатын Жібекті таба аламыз.
3. Жағалбайлы баласы Төлеген мен Шекті қызы Жібекті таңдауда рулық ерекшеліктерін, генетикалық сипаттарын ескеру керек. Біреуі батысты, біреуі шығысты мекендеп келіп, Сыр мен Жайық арасында тоғысқан қауым болатын. Жағалбайлы генетикалық сипаттама бойынша ақсары, бойшаң, сүйекті, Еуропалық пішіндері айқын болып келеді. Шектілер қара шаш, әппақ тері, көз шарасы кең қара көз, бойшаң емес, орташаға жақын, қимылы ширақ, томпақ емес, сүйегіне көп ет жинамайтын бейнеде келеді. Қазақтың ішінде Әлімдер сұлу қыздары ең көп тайпа. Бұрынғы Жібек анамыздың образындағы кісіден Шектінің, Төлеген образынан Жағалбайлы сипатын көріп тұрғаным жоқ. Төлеген образы арық, әлжуаз, ұйғыр-өзбек өңдес кісі болып көрінеді көзге. Қызжібек бейнесінде томпақ қыз тұр.
4. Киім-кешектері аудан-ауыл арасындағы концертте киілетін орташа киімдер. Кмімдердің сапалылығы, әшекейі қарабайыр. Төлегенге сүндеттелетін баладардың шошақ бөркін кигізіп қойғаны қандай ұят! Ханның баласы тіпті ол. Екеуінің киіидері Қытайда тігіліп бір кездері Барахолка базарын басып қалған арзан, жылтырақ ұлттық киімдерден аумайды. Оюларын желіммен жарсыра салған. Хан-сұлтандар әулетінің адамдары ұлттың мәдениетінің жоғары көрінісі. Олардың ескі сурет, археологиялық қазбада табылған түркілік киімдерін іздеп, қарау керек.
5. Екеуі екі ханның әулетіндегі бекзат тұқымдар бола тұра, оқиға екі шағын рулық хандық арасында өрбісе де кинода өте аз адам, бірнеше үйдің қоңыр әңгімесі сияқты өрбіп жатыр.
6. Егер осы жолғы фильм түсірілсе көркемдік пен қаражат бөлу жағынан қателіктерге ұрынуы, яғни сәтсіз болуы да мүмкін. Бірақ, жаңартып, дамытып түсіру мұнымен тоқтамайды. Он неше рет түсірсін тіпті. Біз қиялымыздағыдай нағыз Қызжібек филмін сонда табамыз. Атақты Титаник өзіне дейін сол қираған байлар кемесі туралы түсірілген отызға жуық фильмнің артықшылығын алып сәттілікке жеткенін білесіз бе? Қызжібек фильмін алғаш көргеннен әзірге дейін бұл фильмге қызыға алғам жоқ. Керісінше, фильмнен көркемдігі асып тұрған Қызжібек жырын қарай беремін.
7. Әруақ ұғымын орынсыз пайдаланып, бұрынғы режиссердің әруағын қорламақшы деп ащы тіл қатып жатқандар бар екен. Мұныңыз орынсыз. Керісінше, өзінен асырып Қызжібекті таңғажайып етіп түсіре алған кісіге әруақ тіпті разы болады. Әлде, сіз әруақты қыңқ еткенге мазасызданатын қызғаншақ деп ойлайсыз ба?!
8. Бекежан деген адам қарақшы емес, ғашықтардың жанашыры екен. Жүсіпбекқожаның жыр мәтінін бұрмалауынан осы жағдай орын алған. Ғашықтарға озбырлық жасаған қарақшы Кескентерек деген Хиуалық адам. Тарихи шындық орнына қойылуы керек.
9. Фильмьде Сырдың не Жайықтың қымбат көріністері жоқ. Екі ғашықтың тымқұрыса біреуінің туған жерін кербез етіп көрсетіп өтуі керек еді.
10. Төлеген өлген соң Жібек ана оның інісі Сансызбайға әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шығады. Екеуінің арасынан атақты Төс батыр деген ұл туып бүкіл Кіші Жүз қосынына қолбасы болады. Сондықтан, фильмде Жібекті өлтіре салмай, керісінше осы кейінгі өмірін қосу-қоспау жағын ойластыру керек. Себебі, қызжың ғашығын өлтірген зорекерге тимей інісіне тиуі ерлік. Сансызбай ол уақытта әлі бала болған. Демек, Жібек ана Төлегенге берген адалдық анты үшін сол жұртқа келін болуды қалап Сансызбайдың жігіт болып өсуін бірнеше жыл күтті деуге болады.
11. Қызжібек жырында Төлегеннің Жібекті алғаш кезіктіру сәті, оны табуы, басқа сұлулардан ажыратуы ғаламат суреттеледі ғой. Төлеген іздеген сұлуын шауып барып оңай таба салмай, фильмнің көркемдік қуаты сол өреге жетіп, осындай қилы қызықтарды кірістіре білуі керек. Байқағаным, кино танушылар Қызжібек жырын толық қарап зерттемей бөсіп сөйлей береді екен. Өнер танушылардыңі әлсіз ізденістегі танымдары таным режиссерлердің адымын аштырмайды", - деген ол.
Желі қолданушылары "Ойландырып тастадың", "Түріктердің фильмі қайталап түсіріледі ғой", "Дұрфс айтасың" деген сынды қолдау пікірлерін жазуда.
Еске салсақ, Қыз Жібек фильмін қайта түсіру үшін бірнеше млрд теңге бөлінетіні жайлы мәлімет елдің қызу талқысына қалған болатын.