Уақыт белдеуін кері қайтаруға қатысты Мәжілістегі «Аманаттың» бірнеше депутаты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Каникул кезінде ел аралаған мәжілісмендер тұрғындардан сансыз шағым естіп, «бұрынғы уақытты қайтару керек» деп отыр. Ұсыныстарын Үкіметке жолдамақ.
"Мыңдаған халықтың арыз-шағымы, тілегіне орай, мәлімдеме жасағымыз келіп отыр. Бәлкім Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар. Бірақ Шығыс Қазақстан үшін тиімсіз. Шығыс Қазақстанда сағат екі жарымда сиырдың мөңірегін дауысынан оянасың. Кешкі 5-6 да тас қараңғы", - деді Мақсат Толықбай.
Депутаттар халықпен кездескенде ең көп қойылған сауал да ауыстырылған уақыт төңірегінде болыпты. Енді олар Үкіметтің нақты шешім қабылдауына ықпал етіп көрмекші.
Тым болмаса қысқы, жазғы уақытты енгізу керек, - дейді мәжілісмендер.
Қазақстан биыл 1-наурызда біртұтас уақыт белдеуіне көшкен болатын. 12 облыс пен үш мегаполистің уақыты бір сағат кейін шегеріліп, батыс облыстармен теңестірілген.
Таңның ерте атып, кештің ерте бататынына үйренісе алмаған жұрт оған қарсы петиция да жариялады. Бұл, әсіресе, табиғи белдеуі алшақтай түскен Шығыс Қазақстанда ыңғайсыздық туғызған.
Бірақ 50 мың адам қол қойған петиция қабылданбады. Енді "уақыттың бір сағат артқа жылжуы биоритмге, еңбек өнімділігіне әсер етпейді, керісінше, еңбек өнімділігі арта түседі" деген ғалымдардың қағидасы жоққа шығарыла ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.