Соңғы уақытта қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі әлі де тұрмыстық зорлық-зомбылық болып тұр. Кеше ғана қыз-жігіт болып қол ұстасқан жастар әртүрлі себептерден екі жаққа кетеді. Отбасын құрған ерлі-зайыптылардың ажырасуына жанжал, психологиялық қысым, қол көтеру сынды жағдайлар себеп болып отыр. Оны жазбасақ та белгілі. Осыған орай туындайтын сұрақтар да көбейді. Соның бірі ажырасып кеткен соң қыздар бірге жүргенде алған бағалы сыйлықтарын қайтаруға міндетті ме?
Берген сыйлықтарын қайтарып алғысы келетін жағдайлар көбейді. Жақында әлеуметтік желіде видео тарады. Бұрынғы қызынан ақшалай аударымдарын қайтарып алғысы келген жігіт туралы. Ол телефондағы қосымша арқылы жіберген ақшаларын сотта көрсетіп, миллионға жуық қаражат өндіріп алғысы келген. Ал қыз болса қалай әрекет ету керектігін білмейді.
Ал заң бұл туралы не дейді? Caravan.kz медиа порталының материалында.
Сауалдардың бір бөлігі алиментке қатысты болса, екінші бөлігі сыйлықтар мен бағалы заттарды ажырасқан соң қайтару мәселесіне байланысты.
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, сыйлықтың не екеніне тоқталайық. Сыйлықтардың заңды атауы – сыйға тарту, яғни жақсы қарым-қатынасты білдіру деген сөз.
Сыйға тарту – бір тарап екінші тарапқа (сыйлықтар, ақша және басқа да құндылықтар) тегін, қайтарымсыз түрде беруі.
Сыйлықтарды қайтару міндетті емес. Дегенмен сыйға беруші сыйлықты қайтаруды мынадай жағдайларда талап ете алады:
- сыйға берушіні өмірінен қасақана айырған жағдайда. Сыйлықты қайтару сот тәртібімен талап ету құқығы сыйға тартушының мұрагерлеріне тиесілі. Мысалы, сізге пәтер сыйлаған адамды өлтірсеңіз, оның мұрагерлері жылжымайтын мүлікті қайтарып алуға құқылы.
- алушы тарап сыйлықтың шын құндылығын білмейтін болса, ол сыйға берген тараптың ерекше бағалы мүлкі болса, және сол арқылы оның құндылығы жойылатын қаупі болса, екінші тарап сот шешімі арқылы сыйды қайтарып алуға құқылы. Мысалы отбасылық мұра. Күйеу жігіт әжесінің сақинасын/алқасын сыйға берсе.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы Азаматтық кодекстің 27-тарауымен реттеледі.
Егер заңды некеде зергерлік бұйымдар немесе көлік сатып алсаңыз, онда бұл ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып саналады. Заң бойынша олар 50/50 бөлінеді. Бұл басқа мәселе.
Бұрынғы жігіттер, күйеулер, достардың сыйға тартқан бағалы заттарына келетін болсақ, оларды қайтаруға ешкім міндетті емес. Бірге жүрген шақта, жігіттер сыйлықты қайтарымсыз, тегін сыйлайды. Көңіл үшін, жақсы қарым- қатынас үшін сыйланған заттарды қайтаруға себеп жоқ. Бұл туралы адвокат Жанна Уразбахова айтты.
Мысалы. Олимпиада чемпионы бапкеріне көпшілік алдында пәтер кілтін сыйлаған жағдай болды. Бірнеше жылдан кейін ол ойынан бас тартып, пәтерді қайтарып алғысы келген. Бірақ сот оның өтінішін қанағаттандырмады. Сыйлықты қайтаруға ешқандай негіз болмаған.
Өз тәжірибемде мен қорғаған қыздың бұрынғы жігіті бірге жүрген кезінде сыйлаған телефоны мен Cartier қымбат сақинасын қайтарып алғысы келген. Бұл заттар тегін, қайтарымсыз түрде берілгендіктен, біз жеңіске жеттік. Оған қайтарып берудің себебі табылмады. Тегін дегеніміз – ақысыз, және қайтарымсыз. Сондықтан сыйлықтарды қайтаруға асықпаңыздар», - деді адвокат.