Бүтін бір отбасыны қырып салған қанішерлерге қатысты сот тағы төбелеспен тынды

-Кіреді мұның бәрі. Бәрін кіргізіп бір-ақ кірем! Бүкіл жанұяны қырып тастап отыр, кірме дейді. Кір бері қарай, апасы да кіреді.

Айқай-шу жәбірленуші тараптың сот отырысына кіргізілмеуінен басталды. Қалың күзет есікті қанша қалқаласа да, қара жамылған отбасы ішке бұзып жарып кірді. Сөйтсе, сот отырысына қандықол ұрылардың ет жақын туыстары түгел келген екен.

-Біз үнімізді шығармай келдік. Ауыздарыңды жабыңдар. Қаншық неме! 

Өрши түскен текетіреске судьяның өзіне араласуға тура келді.     

-Кім дөрекілік көрсететін болса, 15 тәулікке  дейін қамайтын құзырым бар менің. Қамап тастаймын.

Әрең дегенде басылған тараптар ақыры сотталушылардың арыз-шағымдарын тыңдауға келісті. Сондағы адвокаттарының айтқаны – қарақшылар үйге тек тонауға ғана бас сұққан екен. Ал қос бүлдіршін мен 19 жастағы жеткіншекті және аяғы ауыр келіншекті байқаусызда өлтіріп алған.

Фатима Тілеумұратова, Б.Мұқажановтың адвокаты:

-Ол жерде Мұқажанов таксиді жүргізуші ретінде барып, аяқастында осындай қылмысқа тап болғанын көрсетеді. Және ол алдын ала бұл қылмыстық іске дайындалмағанын, осы қылмыстық істе, яғни, өлтіру қылмысының болатынын білмегенін көрсетеді. 

КТМ: Қалған екеуі де, қылмысты «абайсызда жасадық» деп отыр. Оған қоса, бұрын соңды сотталмағынын ескеріп, өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасын 10 жылға ауыстыруды өтінген. Қанды қылмыс былтыр жазда болды. Өзбекстандық келімсек екі сыбайласымен танысының пәтерін тонамақ болып, бүкіл отбасын қырып кеткен еді.


Ержан Сатыбалды, жәбірленуші:

-3, 7 жастағы сәби. Әлі тілі шықпаған сөйлей де, білмейтін осы сәбилерді де аямаған адамды, аяғы ауыр ананы қарамаған адамды, жас жеткіншек, өзінің бауыры сияқты бауырын аямаған адамды біз неге аяймыз???

 «Абақтыда ауырдық» десе де, сотталушылардың жазасы жұмсартылмады. Бұрынғы үкімі өз күшінде қалды.

-Сотталушы Мұқажановтың, Тұрдиевтің және Мамыреевтің қорғаушы Оразбаеваның апелляциялық шағымдарын қанағаттандырылмасын.  Үкім өз күшінде қалсын.

-Апелляциялық сот шешімін ести сала, екі бірдей баласы мен бауырынан айырылған әке көз жасына ерік берді. Қандықол ұрылар оның сүйікті жарын да іште әлі туылмаған сәбиімен қоса өлтірген болатын. Алайда, бүтін бір отбасыны ойран еткен қарақшылардың әлі де болса кассациялық сотқа шағымдануға мүмкіндігі бар екен. Және ол мүмкіндікті жәбірленушінің бүгінгі көз жасына қарамастан, қарсы тарап қолданып қалмақ.