Министр сессияға қатысушылардың назарын ғаламдық көп жақты ынтымақтастықты нығайту үшін БҰҰ бас хатшысының жанында аймақтық ұйымдар кеңесін құру туралы Қазақстанның ұсынысына аударды. Сондай-ақ, Қазақстанда Орталық Азия аймағындағы превентивті дипломатия жөніндегі БҰҰ орталығын құру ұсынылып отыр.
Қ.Тоқаев Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы мен қауіпсіздігін нығайтуда маңызды роль атқаратын ТМД , Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕурАзЭҚ, Орталық Азия аймақтық ынтымақтастық ұйымы тәрізді ұйымдар шеңберіндегі көп жақты ынтымақтастық пен интеграцияны қолдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, министр халықаралық қауымдастықтың Арал теңізі мен Семей өңірінің проблемаларын шешу үшін жұмсайтын күш-жігерін пәрмендендіру қажеттігін атап өтті.
Сессия барысында Қ.Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы, Габон сыртқы істер министрі Ж.Пингпен кездесті. Тараптар БҰҰ-ның аталмыш органының іс-қызметін нығайту жөнінде өзара пікір алмасты.
Нью-Йорк сапары барысында ҚР СІМ сондай-ақ дүниежүзі елдері сыртқы саясат мекемелерінің басшыларымен, БҰҰ Даму бағдарламасының жетекшілерімен және АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілдерімен кездесті.