Бүгін республика бойынша кей жолдар жабық

Белгілі болғандай, республика бойынша кей жолдар жабылған, деп хабарлайды Қазақпаратқа сілтеме жасаған Caravan.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасының күрт жоғарылауына және қардың еруіне байланысты жол шамадан тыс ылғалданып, топырақ жабындысында ойықтар пайда болған. Бұл жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысын қиындатып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында «Тимирязево – Сарыкөл – Қостанай облысының шекарасы» автожолының 0-30-шақырым аралығында (Тимирязево ауылы – Қостанай облысының шекарасы учаскесі) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелді.

Сонымен бірге Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығы учаскесі (Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығар жол) жабық тұр.

Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қысқы маусым аяқталғанша сақталады.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» синоптиктері 24 наурызда елдің басым бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасаған еді.