Қазір әлеуметтік желі мен жасанды интеллект дәуірі қарқынды дамып жатқанына қарамастан, кітап оқу деңгейі әлі де жоғары екенін байқауға болады. Ел бойынша түрлі клубтар мен мәдени орталар қатары толығып келеді. Алматы мұндай руханияттан тыс емес. Ендеше Алматылықтардың оқу мәдениеті қай деңгейде? Оқу әдетін қалай қалыптастыруға болады? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Неліктен 23 сәуір?
Бұл күннің Дүниежүзілік мереке ретінде таңдалуы тегін емес. 1616 жылы дәл осы күні әлем әдебиетінің алыптары – Уильям Шекспир, Мигель де Сервантес және Инка Гарсиласо де ла Вега дүниеден өтті. Әдебиеттің тағдырына терең әсер еткен бұл тұлғалар адамзат тарихында өшпес із қалдырды. Сондықтан бұл күн кітап пен сөз өнеріне деген құрметтің символына айналды.
2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда президент Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде тапсырма берген. Соған сәйкес, 23 сәуір Қазақстанда Ұлттық кітап күні болып белгіленді.
Атаулы күнге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қазақстандықтарды құттықтады.
"Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын! Қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайды. Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс
жастар арасында да кеңінен таралып келеді. Жаппай цифрландыру және Жасанды Интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс. Алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы арнаулы Жарлыққа қол қоямын", - деп құттықтады Президент әлеуметтік желідегі парақшасында.
Данышпан тізген қасиеттің барлығы осы кітаптан табылмақ
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», - дейді хакім Абай он сегізінші қара сөзінде.
Алматыда бүгінде көптеген кітап клубтары жұмыс істейді. Алайда олар тек кітап оқуға арналмаған, сонымен қатар жаңа орта табу, пікір алмасу, тіл үйрену, ой-өрісті кеңейту алаңы. Қала тұрғындары жайлы атмосферада жиналып, оқыған шығармаларын талқылайды.
Алматыда негізі қаланған танымал "Хунта" клубы 2018 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Осы уақыт ішінде клуб бірнеше маңызды бағытты іске қосты. Соңғы үш жылда қазақ тобы да жаңа деңгейге көтерілді. Яғни, шоқтығы биік қазақ жазушыларының терең мазмұнды көптеген еңбектері оқылып, талқыланды.
«Қазақ тіліндегі тобымыз біраз қиындықтарды бастан кешірді. Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз болғандықтан, отандық жазушыларымыздың туындыларын оқығым келді, мысалы «Абай жолы», «Көшпенділер» сынды шығармалар, өз мәдениетіміз бен тарихымызды терең түсінгім келді. Алғашқы кезеңде бұл бағытты жүргізген қыз осы клубта өмірлік жарын кездестіріп, тұрмысқа шықты. Клубты әрі қарай жүргізе алмай, бұл бағыт жарты жылға тоқтап қалды. Кейін музейге барған бір сапарымызда мен әдеби тілі көркем, кәсіби журналист қызбен таныстым да, оған модератор болуды ұсындым. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Қазақ тілді бағыттың қайта жандануы мен үшін үлкен бақыт. Қазір барлық бағыттар белсенді жұмыс істеп жатыр, клубымыз тамаша дамып келеді», - дейді клубтың негізін қалаушы Маржан Қайрат.
Клубта бұдан бөлек орыс және ағылшын тілінде оқиды, сондай-ақ классикалық және заманауи әдебиет бағыттары бар. Қалам мен қағазды ермек еткен жандар да бөлек кездесіп отырады. Жақында ағылшын тілін дамытуға арналған "speaking club" ашылды. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары үшін тіл үйренуге үлкен мүмкіндік. Алда мемлекеттік тілді үйреніп, сөздік қорын байытқысы келетіндер үшін де ұқсас бағыт ашылуы жоспарланып отыр.
Клуб қатысушылары арасында шетелден келгендер де көп. Олар жаңа орта, жаңа таныстар іздеп келіп, осы клуб арқылы өз ортасын табуда. Оқырмандар бірлесе түрлі іс-шараларға қатысады, атап айтқанда театрлар, музейлер және зияткерлік ойындар.
Кітап клубының негізін қалаушы Маржан Қайрат бұл жобаны үлкен махаббатпен ашқанын айтады. Сондықтан қатысушылардың саны жыл сайын артып жатқаны қуантарлық үрдіс.
«Әжем бір күнде бір кітап оқитын, бұл мені қатты таңғалдыратын әрі маған ерекше әсер беретін. Кітаптар мен үшін қиялға берілудің, жаңа нәрселерді іздеудің, жаңа сюжеттер мен жерлерді танудың бір жолы болды. Жан дүнием рухани дамуды қалайтын, мен оны кітаптардан іздедім. Осылайша жүрегімнен шыққан жобам бүгін тек кітап оқитын орта емес, мәдениетті дамытуға, тілдерге қызығушылықты арттыруға, жалпы білім мен руханиятқа бағытталған үлкен ортаға айналды», - дейді ол.
Оқыған кітаптан үзінді
Ұлтымыздың рухани биіктігін танытқан ойшыл жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы бізге қымбат, біз оған жиі-жиі орала береміз. «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітапқа терең үңілсеңіз, жазушының суреткерлік құпиясы мен өзіндік ерекшелігі ашыла түседі. Бұл трилогия – ел, халық туралы әлеуметтік психологиялық типтік шығарма. Былайша айтқанда, кейіпкерлердің ішкі монологынан тұратын, ұлттық мінезді көрсететін – замана эпосы.
Оқырмандар клубында соңғы оқылған осы роман болды. Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған “Қан мен тер” трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, “Қан мен терде” басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады.
Романдағы негізгі кейіпкерлер - Еламан, Ақбала, Тәңірберген. Еламан - еңбекші қауымның өзгеден алабөтен артықшылығы жоқ қатардағы өкілі, адал, еңбеккқор, елжанды. Ал Тәңірберген - байлық пен билікке сүйенген үстем таптың өкілі. Жаз қыз Ақбала арқылы сол кезеңдегі қазақ қыздарының ауыр тағдыры, құқықсыздығы көрсетіледі.
Шығарма өте әсерлі әрі мұңды. Автор сол дәуірдің қасіретін, халықтың күресін, үміті мен өзгеріске деген сенімін терең жеткізеді. Соңында Еламан жаңа заманның символы ретінде көрінеді, яғни қиындықтарды жеңіп, рухани және тұлғалық тұрғыда өседі. Ал Тәңірберген билігі мен байлығынан айырылып, бұрынғы жүйенің күйрегенін түсінеді. Осылайша, ескі дәуір аяқталып, жаңа кезең басталады.
Қалай қосылуға болады?
Кітап оқуды жағымды әдетке айналдырғысы келетін алматылықтар үшін мұндай клубтар тамаша мүмкіндік. Егер сіз де кітап клубының бір бөлігі болғыңыз келсе, «Хунта» клубының Instagram парақшасына жазып, Telegram тобына қосыла аласыз. Сол жерде кездесулердің уақыты, оқылатын кітаптар және басқа да маңызды ақпарат жарияланып отырады.