”Бүйткен өнерлеріңе өкпеледім”: Белгілі журналист Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Әбдікәрімованы қатаң сынға алды

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Әй, Азамат. Мынауың не? Өнер дейсіңдер өздерің. Бірақ дәл осы рөлге басқа
бойдақ қыз табылмады ма? Біреудің үпілеп отырғанын келінін несіне тарттың бұл рөлге?

Инста мен тик-токты ашып қалсаң осы екеуінің суреті мен видеосы жарқ-жұрқ шыға береді. Заңды күйеуі бар әйелдің бөтен еркекпен құшақтасқаны ерсі көрінеді екен. Бұ қайсы деп жақынырақ қарасам өзіміздің Жұлдыз келініміз. Кәдімгі Қайрат Нұртастың келіншегі. Мен үшін бұл екеуі үлгілі отбасы еді. Мына суреттен кейін ішім қылпылдап қалды.

Азамат Сатыбалды "Сен және Мен" деген спектакль шығарыпты. Басты рөлде екі-ақ адам. Басқа ешкім жоқ. Өзі және Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова. Әрине, өнер тұрғысынан қарасақ ешқандай айыбы жоқ. Алайда өз ошағы, ата-енесі, бала-шағасы, абыройлы күйеуі бар келіншектің сахна үшін бұлай бұраңдауы көзге оғаш көрінеді екен.

Жұлдызды да түсінбедім. Егер ойнаймын десе рөл көп қой. Келіннің, ененің рөлін ойна. Бірақ мынандай драманың дәл саған керегі жоқ еді. Ай маңдайлы Қайратың рұқсат берген шығар, бірақ менің қазақы тәрбием сенің осы рөліңді қабылдай алмады. Бүйткен өнерлеріңе өкпеледім.

Әй Азамат. Мынауың не? Жұлдыздан басқа әртіс қыз табылмады ма? Біреудің әйелімен "Сен және Мен" деп спектакль ойнайтындай не күн туды?

Драма дейтін жанр театр мен кино үшін өте ауыр әрі жауапты саналады. Сенің актерлік шеберлігіңе шүбә жоқ. Ал "қырық жыл" декретте отырған әйелді қалай үйретсең де драмада ойнай алмайды. Драмалық шеберлік жылдар бойы жиналады. Осыны неге ескермедің екен.

Қайрат Нұртас кең жүректі ақ көңіл жігіт ғой. Келіншегіне рұқсатын берген шығар. Бірақ
дәл осылай боларын білді ме екен. Эх, бір кем дүние. Артық айтсам кешірім сұраймын. Театр, өнер дейміз. Сахна үшін бәрі рұқсат етілгені түсінікті. Бірақ ұлттық көзқарасты да ұмытпайық”, - деп жазды журналист.

Алайда Ербол Мәндібектің пікіріне танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы келіспей, Threads желісіне жазба жариялады.

”Сен және мен” қойылымына барғандар бар ма? Фейсбукте постері туралы Ербол Мандибек пікір жазыпты. Жұлдыздың өнеріне өкпелеп жатыр. Азаматқа тиісіпті, басқа әртіс табылмады ма деп. Жарайды жеке пікірі шығар, дегенмен қойылымды көрген мен ренжіп тұрмын. Күшті қойылым, Азамат та, Жұлдыз да күшті ойнаған. Назгүлге рақмет”, - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.