"Былапыт сөз айтқан": ІІМ тағы бір қоғам белсендісін қамауға алды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ақмола облысының тұрғыны Арман Шораев әлеуметтік желіде балағат сөздер қолданылған жазба жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Ақмола облысы полициясының мәліметінше, құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында бейәдеп сөздер қолданылған жарияланымды анықтаған.

Осы дерек бойынша Арман Шораевқа қатысты әкімшілік материал толтырылып, іс соттың қарауына жіберілген.

Сот істің мән-жайын қарап, оны кінәлі деп таныды. Нәтижесінде 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарылды.

Полиция өкілдері әлеуметтік желіде жарияланатын контент те заң талаптарына сай болуы керектігін еске салды. Заңға қайшы жазбалар үшін қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілік қарастырылған.