Бюджеттен қазақ тілі мен ұлттық фильмдерді қолдауға бөлінетін қаржы еш көтерілмей келеді

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Алдан Смайыл осындай мәселе көтерді.

Депутаттың айтуынша, үш жылдық бюджетті талқылау барысында барлық салалар бойынша мәселелер көтерілгенімен, тек елдің мәдени-рухани дамуына қатысты дүниелер төңірегінде айтарлықтай әңгіме болмаған. «Үш жылғы бюджетте мемлекеттік тілді және Қазақстан халықтарының басқа да тілдерін дамытуға жыл сайын 1 млрд. 203 млн. теңге салынған. Үш жылда да бұл бюджет бірдей. Яғни, жыл өткен сайын қазақ тілінің мәселесі өзгермейтін, тілді дамытуға қатысты жаңа міндеттер алдымызға қойылмайтын секілді. Солай бола тұра салынып отырған бюджет қаражатының өзі жеткіліксіз. Өйткені, тіл - жанды организм. Тілге экономиканың, техниканың, қоғамның дамуына орай сөздер қосылады, ол жаңа терминдермен толығады. Сондықтан да, біз қолда бар сөздерді әлсін-әлсін жаңартып отыруға тиіспіз. Оны атқарудың өзі аз қаражат емес», - дейді Алдан Смайыл.

Бұдан бөлек, депутат тіл үйрету орталықтарына айрықша маңыз беріліп жатқанын, соған сай орталықтарға әдістемелер, оқулықтар керек екенін, ал мұның бәрі бюджеттен қаржыландырылатынын атап өтті. Әйтсе де талқыланған бюджетте осы оқулықтар мен әдістемелерді жаңарту жайы ескерілмеген. «Кейінгі кезде тіл үйренудің жаңа әдістемесі - мультимедиалық оқулықтар ерекше кең таралып отыр. Осының барлығы халыққа жете бермейді», - дейді Алдан Смайыл. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты қазақ тілін электронды ақпарат құралының тіліне, мемлекеттік тілді заңның тіліне айналдыру қажеттігіне де назар аудартты. «Біз басқасын былай қойғанда нақты ғылымдар бойынша қазақ тіліндегі сөздікті де шығара алғанымыз жоқ. Бюджетті қараған кезде осының бәрі ескеріліп, жыл сайын тілге бөлінетін қаражат толығып отыруға тиіс еді. Ал біздің осыған қатысты берген ұсынысымыз қабылданған жоқ», - деді А. Смайыл.


Депутаттың айтуынша, ұлттық фильмдер өндірісіне жұмсалатын қаржы да мардымсыз, белгілі бір қалыпта ғана белгіленіп бөлініп келеді. «Бұған да жыл сайын 387 млн. 427 мың теңге қарастырылған, сосын уақыт өте келе бюджеттің осы қаражаты азая беретін секілді. Қазір Қазақстанның кинотеатрларында көрсетілетін қазақтың төл тіліндегі фильмдер үлесі 5-6 пайыз ғана. Біз өзіміздің рухани кеңістігімізді төл фильммен толықтыра алмай әуреміз, қазақша балаларға арналған мультфильмдер тіпті жетіспейді. Ал мынадай деңгейдегі қаржыландыру қазақ фильмін еш дамытпайды. Ақша бар, алайда ұлтымызға айрықша керек осы екі сала қаржыдан қысылып, жүдеп барады», - дейді Алдан Зейноллаұлы.