Батыс Қазақстанның кілең дөкей басшыларының былықтарын сыртқа шығарған сот процесі бітуге жақын. Мүслім Оңдағанов пен оның спорт басқармасындағы 3 бірдей қызметкеріне қылмыстық топ құрып, мемлекеттің 200 млн теңгесін ішіп-жеді деген айып тағылған. Ащы ішектей созылған іс осымен 5-ші ай сотта қаралуда. Тек бүгін айыптаушы жақ тоқ етерін айтты. Оңдағановқа – 12 жыл, қалған сыбайластарына 11 және 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
- Тағылған айыппен келісесіз бе?
- Жоқ
Бірақ, Оңдағановтың өзі бұл жазамен келіспей отыр. Тіпті, сүттен ақ, судан тазамын дегенді алға тартып өзін босатуды талап етті. Қаржыны алмадым деп ақталған шенеуік мұның барлығы әлдебіреулердің тапсырыс деп те бұлқынды. Айтуынша, істі боларын 2012-ші жылы ақ білген. Кінәсіз болғандықтан, шетел қашпай, елде қалып қойған.
Абзал Құспан, М.Оңдағановтың адвокаты:
-Ойда жоқта тергеу тобы құрылып, Орал қаласына келеді. Сосын бірден Оңдағановтың ізіне түседі. Мұның бәрі күмәнді. Өйткені, Оңдағанов ешқандай да қылмыс жасамаған. Бұл әлдебіреулердің тапсырысы деп білеміз.
Осылайша, басты айыпталушы соттан істі қайта қарап қызметтестерін кінәсіз абақтыға жаппауды сұранды. Өйткені, оларды өзіне қарсы келмегені үшін айыптаған. Ал мемлекеттік айыптаушылар мүлде басқа пікірде. Қолдағы айғақтар Оңдағановтың құйтыртқы әрекеттеріне түгел дәлел. Сондықтан, оны тек абақтыға тоғытып қана қоймай, су жаңа қымбат кемесін, қарда жүретін көлігімен қоса, «Құрмет» наградасынан да айыруды қажет деп отыр.