Бюджеттің миллиондарына жөнделген үйдің төбесінен су ағып жатыр

Семейдегі бес қабатты үйдің тұрғындары мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі жөндеуге келіскендеріне қатты өкінеді. Әуел баста жұмыс сапасыз жүргізілгенін айтқандардың сөзіне ешкім құлақ аспаған. Енді жөндеу үшін бір тиын да төлемейміз дейді ашынғандар.

Ынтай Қанапиянова, Семей қаласының тұрғыны:

-Өкінеміз! Бұндайды білгенде, жасатпаушы едік! Оны көбіміз қабылдаған да жоқпыз! Жұмыс істеп төлейік десек, ынтамыз жоқ! Неге десеңіз, түк еңбегін көріп тұрған жоқпыз!

Жаңадан жасаған шатырларын ақыр аяғында қатты дауылда жел көтеріп кеткен.

-Үй шатырының ұшқанынан бір жұмадай уақыт өтсе де, аулаға толған темір терсекті ешкім жинауға асығар емес. Тіпті, үйінді астында әлі де көлік басылып жатыр екен.

Енді жұртты кешеден бастап толассыз жауған жаңбыр мазалап жатыр. Үйдің ішіне су кіріп, жығылғанға жұдырық болды. Дымқыл тартқан  тоқ сымдарынан от шығып, жарық та жалп етіп сөніп қалған.Төбеден сорғалаған суды тұрғындар екі күн ұйқысыз жүріп, шелектеп шығарған. Алайда, одан келер пайда шамалы. Себебі, су жоғары қабаттан асып, төмендегі адамдарға дейін жеткен. Тығырыққа тірелгендер енді үйден пана таба алмай, сыртқа шығып, сес көрсетіп жатыр.


Бақытгүл Темірбекова, Семей қаласының тұрғыны:

-Енді бізге далаға шығып, от жағып, тамақ істеу қалды! Қаншама халық отыр, балаларымен бәрі далада! Енді осылай жүре ме бәрі?! Жүйке тозды!

Пәтерлерге ағылған судың толастар түрі жоқ. Ал, жақын күндері тағы жаңбыр жауады деп болжануда. Әкімдіктегілер болса тұрғындарға көмектесеміз деген жаттанды сөзден ары аса алмады.