БЖЗҚ-да 280 мың марқұмның 45,8 млрд теңгеге жуық жинағы сұраусыз жатыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

-Қолда бар соңғы мәліметтерге сүйенсек, БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар, бірақ қайтыс болған және оның зейнетақы шотындағы қаражаты мұра ретінде талап етілмеген шамамен 280 мың салымшы бар. Бұл салымшылардың шоттарындағы қаражат мөлшері – 45,8 млрд теңгеге жуық, - деп жазылған жауапта.

БЖЗҚ мамандары зейнетақы жинақтарын соттың шешімімен иесіз мүлік ретінде танып, коммуналдық меншікке өткізу үрдісі тек 2019 жылдан бастау алатынын айтады.

-Осы орайда, 2019-2024 жылдар аралығында 330 салымшы бойынша коммуналдық меншікке иесіз мүлік ретінде өткен зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 36 миллион теңгеге жуық, - деп жазады БЖЗҚ мамандары.

БЖЗҚ-дағы жинақтары иесіз мүлік ретінде танылған шоттардың өңірлер бойынша көрсеткіші мынандай:

-ШҚО және Абай облысы – 279;

-Павлодар облысы - 47,

-Ақмола облысы – 1;

-Қарағанды облысы – 1;

-Қостанай облысы – 1,

-СҚО – 1.

Айта кетейік, Әлеуметтік кодекстің 34, 220, 2021, 223- баптары бойынша, адам қайтыс болса, оның БЖЗҚ-дағы игеріп үлгермеген жинағы мұраға қалады. Ал Азаматтық кодекстің 1083-бабында қайтыс болған адамның заңды мұрагері анықталмаса, иелігіндегі мүлік иесіз мүлік деп танылып, коммуналдық меншiкке ауысатыны айтылған.