БЖЗҚ WhatsApp-та таралған ақпаратты жоққа шығарды

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. 

«Зейнетақы қоры инфляцияға байланысты 150 000 теңгені өтейтіні туралы WhatsApp арқылы салымшыларға (алушыларға) таралған ақпарат шындыққа жанаспайды», - деді қордың баспасөз қызметінде.

«Қаржы айырмасын төлеу дегеніміз - мемлекеттік бюджеттің қаражатынан бір жолғы төлем жүргізу. Салымшылар мемлекет кепілі арқылы қаражат алу  құқығына зейнеткерлік жасқа жеткенде ие болады. Бұдан бөлек, аталған құқыққа мерзімсіз мүгедектік қойылған жағдайда I және II топ мүгедектері, Қазақстаннан шет елдерге тұрғылықты мекен-жайын ауыстырған азаматтар, МЗЖ және МКЗЖ аударған   шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, мемлекет кепілімен төлем алуға құқылы азамат қаза тапқан жағдайда оның мұрагерлері ие», - делінген қордың хабарламасында.

Қорда мәлім еткендей, мемлекет кепіліне үміткер болу үшін мекенжай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептік орталығына өтініш жазу керек. Әр адаммен арнайы өңделген әдістеме арқылы есеп жасалып, азаматтың банк шотына төлем жүргізіледі.


Қор барлық салымшылар мен алушыларға әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі хабарламаларға сақтықпен қарап, тек ресми ақпарат көздеріндегі мағлұматтарға сенуге кеңес береді.