Царнаевтардың қырғызстандық досы АҚШ-та жалған ақпарат бергені үшін 2,5 жылға сотталды

Сот үдерісі барысында АҚШ-қа 2010 жылы Қырғызстаннан студенттік визамен келіп, кейін мұнда саяси баспана алған 24 жастағы Матанов өзін Бостондағы лаңкестік істі тергеу кезінде Федералдық тергеу бюросына ағайынды Царнаевтармен байланысы туралы жалған ақпарат бергенін мойындады, деп хабарлайды Би-би-си.

Матанов Тамерлан мен Джохар Царнаевтармен марафон мәресінде жарылыстар болған күні, яғни 2013 жылдың 15 сәуірінде кешкі тамақ ішкен. Үш күннен кейін ол бұл оқиғада күдікті танылған адамдардың суреттерін көрген, бірақ билік көздеріне Царнаевтар туралы ақпаратты тек келесі күні хабарлаған. 

Ағайынды Царнаевтармен байланысы туралы баяндаған Матанов тергеуге көмектесуі мүмкін маңызды мәліметтерді жасырған.

«Сізден бар сұрағанымыз - бізге көмектесу. Біз көмегіңізге мұқтаж едік, бірақ сіз олай жасамадыңыз», - деді соттың соңғы отырысында судья Уильям Янг.

«ФТБ-нің алдында жалған ақпарат үшін кешірім сұрағым келеді. Мен ешқандай лаңкестік ұйымдарды жақтамаймын», - деп мәлімдеді сот үкімі жарияланғаннан кейін Хайрулложон Матанов.

ФТБ-де жүргізілген сұраудан кейін Матанов марафондағы жарылыстардан кейін Царнаевтармен бірге кешкі ас ішкенін айтып, бірақ бірге тамақтану идеясын өзі емес, олар ұсынғаны туралы өтірік айтты.

Ол полицияға хабарламас бұрын ғаламторда олардың суреттерін қанша рет қарап шыққанын дұрыс айтпады және Бостондағы жарылыстардан кейін компьютерінен өшіріп тастаған джихадтық бейнежазбаларды қарағанын жоққа шығарған. Қорғау тарапының айтуынша, бұл баяндардың Царнаевтарға қатысы жоқ болған, олар Матановтың қызығушықтарын ғана әшкереледі.


Еске сала кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостон қаласының орталығында марафонның мәре сызығына жақын жерде арада 12 секунд салып қатарынан екі жарылыс болды. Соның салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тан астамы жарақаттар алды. Американың билік көздері бұл жарылыстарды ағайынды Царнаевтар ұйымдастырып, орындады деген қорытынды жасады. Лаңкестік әрекеттен кейін бірнеше күн өткен соң ағайындылардың үлкені - Тамерлан полицейлермен болған атыс кезінде өлтірілді, ал кішісі Джохар жараланып, қамауға алынды. Сот шешімімен ол жарылыстарды ұйымдастыруда айыпты деп танылып, биылғы жылдың мамыр айында өлім жазасына кесілді. Соттың соңғы шешімі 24 шілдеде белгілі болады.