Целиноград ауданында өндірілетін қоян етіне Астана тұрғындары тарапынан сұраныс артып келеді

Қоян өсірумен айналысатын «Астана МИАКРО» асыл тұқымды шаруашылық» ЖШС-і 2012 жылы құрылған болатын. Алғашында Ресейдің Новосібір қаласынан және Оңтүстік Қазақстан облысынан 70 аналық және 10 аталық қоян сатып әкелінген. Серіктестік басшыларының айтуынша, мұндай жаңа жоба нарықтағы сұраныс жан-жақты ескеріліп, зерттелген соң ғана қолға алынған көрінеді.

Қазіргі кезде, мұнда «Кеңестік шиншилла», «Күмістей», «Ақ алып» асыл тұқымды қояндардың саны 1239 жеткен. Оның 201 аналық қоян.

«Ірі қара етімен салыстырғанда қоян етіннің бағасы қымбаттау болғанымен жеңсік ас болғандықтан, оған деген сұраныс жоғары. Әсіресе, Астана қаласындағы бірқатар мейрамханалар мен дәмханалар, сауда орындары және дүкендері біздің тұрақты тұтынушыларымыз. Өткен жылы барлығы 4 тоннадан астам қоян етін өндірдік. Биылғы жылы құрама жем зауытын салып, іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, аналық қояндардың санын да 500-ге жеткізетін боламыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған», - дейді серіктестік басшысы Алтынбек Нүркежанов.