Чехия қазақстандықтарға виза беру процедурасын жеңілдетеді

Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен  келіссөздерден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Чехия Президенті Милош Земан айтты.

«Визалық режімді жеңілдетуге қатысты айтар болсам, қазіргі уақытта біздің елшілік виза берудегі өз әлеуетін ұлғайтып отыр. Бұған қоса, бүгінде виза берудің аутсорсингі дайындалуда. Яғни, Қазақстанның бүкіл аумағында виза-пойнтс  құрылатын болады. Бұл виза беру процедурасын айтарлықтай жеңілдетіп, жеделдетеді. Әрине, біздер қызметтік төлқұжаты бар тұлғаларға визаны толығымен алып тастау туралы да уағдаластыққа дайынбыз»,-  деді М.Земан.

Чех Президентінің айтуынша, Қазақстан мен Еуроодақ  басшылығы арасындағы уағдаластыққа сәйкес басқа да санаттағы тұлғалар үшін визалық режімнің жеңілдетілу мүмкіншілігі бар.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Чехия инвестиция көлемін арттыруға назар аударуы керек. 

«Менімен бірге Чехияның 85 кәсіпкері келді. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 200 чех фирмалары сенімді жұмыс істеуде. Екі елдің арасында тауар айналымының артуы бізді қуантады. Сонымен қатар, ең бастысы мемлекеттер арасында инвестиция көлемі аса қажет»,-деді М. Земан.

Чехия басшысы өз сөзінде Қазақстанға чех көліктерін ұсынатындығын атап өтті.

«Біз сонымен қатар, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастыққа шақырамыз. Нақтырақ айтқанда, біздің жаңғыртылған шағын және орта көлемдегі ұшақтарымызды ұсынамыз. Бүгінде Қазақстанда әуежайлардың желісі салынып жатқандығын білеміз. Сондықтан, біздің ұшақтар пайдалы болар еді»,-деді ол.

Мұнымен қоса, М. Земан бизнес-форумда қол қойылатын 13 келісімнен бөлек, таяу арада Чехия Ұлттық банкі мен Қазақстанның тиісті банктік мекемесі арасында келісім бекітілетініне сенім артты.


Қазақстан аймақтағы экономикалық дамудың орталығы. 

«Жақында Чехия Республикасының Үкіметі қабылдаған шешімінде Қазақстан басымдықты серіктес деп аталды. Бұл бәрінен бұрын стратегиялық ұзақмерзімді көзқарасымызды қамтып отыр. Бұрындары экономикасы «керемет елдер» саналған Германия, Жапония немесе Оңтүстік Корея секілді мемлекеттермен біз Орталық Азияны, атап айтқанда Қазақстанды салыстыра аламыз. Себебі, бүгінде Қазақстан экономикалық ғажайыптың тартылыс орталығына айналды»,- деп атап өтті Милош Заман.

Осы орайда Чехия Президенті Қазақстанда 12 жыл бұрын болғандығын айта келе, «ол кезде еліміз Үкіметінің төрағасы қызметінде едім. Сол уақытты салыстыра келе, Қазақстанның өркендеуі мен Астана құрылысындағы елеулі ілгерілеушілікті айтқым келеді»,-деді.

Бұл тұрғыда ол Қазақстан қазіргі даму қарқыны нәтижесінде әлемдік экономикада маңызды ойыншылардың бірі болатынына сенімді екенін атап өтті.

Айта кетейік, 2013 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 417,8 млн. АҚШ долларын құрады, ал 2014 жылдың қаңтар-қыркүйегінде оның көлемі  313,1 млн. долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,7 пайызға артты.