Челябинск құбыр жасау зауыты Атасу-Алашанькоу мұнай тасымалдау желісіне арналған алғашқы құбырлар партиясын жеткізді

Диаметрі 813 мм-лік 4 мың тонна құбыр жеткізілді. Бұл - "Атасу-Алашанькоу" халықаралық жобасы аясындағы тапсырыстың алғашқы бөлігі. Жалпы алғанда 2005-жылдың алғашқы жартысында мұнай құбыры желісін тарту үшін 22 мың тонна құбыр қажет.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының құрылысы мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан - ҚХР үкіметаралық келісімінің аясында жүзеге асырылуда. Мұнай құбырын тарту үшін "Қазақстан-Қытай мұнай құбыры" ЖШС атты бірлескен жобалаушы компания құрылған. Оның құрылтайшылары - еліміздегі ең ірі мұнай тасымалдаушы компанияға саналатын "ҚазТрансОйл" АҚ мен Қытайдың мұнай және газ қорын барлау және игеру жөніндегі Ұлттық корпорациясы болып табылады. Олар бірлескен компанияны 50 проценттік тең үлеспен құрған.
Мұнай құбырының ұзындығы 988 шақырым, құбыр диаметрі 813 мм-ге тең. Жобаны жүзеге асыру үшін 720 мың тонна құбыр қажет. Бастапқы кезеңде мұнай құбыры жылына 10 млн. тонна мұнай тасымалдау қуатына ие болмақ.
Ал жобаның екінші кезеңінде өткізгіштік қабілеті 20 млн. тоннаға жеткізілмекші.
2004-жылы "Челябинск құбыр жасау зауыты" ААҚ Қазақстандағы "Жаңажол" мұнай құбыры үшін 4,1 мың тонна құбыр жеткізді.