25 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 5.30-да Алматы әуежайына Канаданың Лондон қаласында өткен 2013 жылғы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен ұшып келеді.
Бұл отандық мәнерлеп сырғанаушылардың Әлем чемпионаттарында қол жеткізген алғашқы жүлдесі. Сонымен қатар Денис Тен 2014 жылы Сочиде өтетін XXII қысқы Олимпиада ойындарына екі жолдама ұтып алды.
26 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 04.45-те Италияның Валь Ди Фиеми қаласында өткен Шаңғы жарысы бойынша әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Алексей Полторанин мен 2013 жылғы конькимен жүгіруден әлем чемпионы Денис Кузин мінген ұшақ Астана әуежайына қонады.
Шаңғы жарысынан әлем чеипионатының жүлдесін Қазақстан 18 жыл күткен болатын. Сондай-ақ Алексей Полторанин 2012-2013 жылғы маусымда әлем кубогі кезеңдерінде сәтті өнер көрсетті.
Конькимен сырғанаушы Денис Кузиннің алтын медалі - Қазақстан үшін тарихи оқиға. Бұған дейін еліміздің спортшылары әлем біріншіліктерінде жүлде алып көрмеген еді. Осыдан бұрын тек Людмила Прокашева 1998 жылы Наганодағы қысқы Олимпиадада қола жүлдеге ие болған болатын.
2012-2013 жылғы қысқы спорттық маусым өте олжалы болды. Біздің шаңғышылар, конькишілер мен мәнерлеп сырғанаушылар үлкен белестерді бағындырды. Шорт-трек, фристайл және т.б. спорт түрлерінің өкілдері жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бүгінгі таңда қысқы спорт түрлерінен Қазақстан Сочидегі Олимпиадаға 30-ға жуық лицензия ұтып алды және бұл санды әлі де көбейтуге болады.