"Чемпиондардың жағдайын біліп, қолдасаңдаршы": Аслан Қаженов Данияр Елеусіновтың қамауға алынуы туралы

Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді.

"Бізде Спортшылар Одағы бар, Спортшылар Кеңесі бар. Чемпиондардың жағдайын біліп, қолдау көрсетіп отырсаңдаршы. Даниярдың ұсталғанын естіп, жаным ашып кетті. Анау жолы Теміртас Жүсіпов, оның алдында Болат Жұмаділов. Қысқасы, жүйелі жұмыс керек…", - деп жазды ол.

Айта кетейік, бүгін таңертең Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов жол-көлік оқиғасын жасап, қамауға алынуы мүмкін деген ақпарат тарады. Кейін Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, бірнеше жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды. Көпшілік оны боксшы Данияр Елеусінов екенін болжап отыр.

Құзырлы органдар оның аты-жөнін атамай, тек "азамат" деген ақпарат ұсынып отыр. Сараптама нәтижесінде оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

«ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша азамат Е.-ге 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», – делінген хабарламада.