"Психиатрға қаралу ұят емес": Цифрлі аутизм балалар арасында белең алып барады

Қазіргі балалар арасында “цифрлі аутизм” (цифровой аутизм) деген белең алып барады. Гаджеттердің кесірі ме? Әлде көптеген факторлар қосындысы ма? Caravan.kz медиа порталы материал ұсынады.

"Цифрлі аутизм" қазіргі қоғамда жиі айтылатын термин. Ол адамдардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің гаджеттерге тым тәуелді болып, әлеуметтік және коммуникативті дағдыларын төмендету құбылысын тудырады. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, дамыған елдер ішінде балалардың 3 пайызы сөйлеу дамуының кешігуіне тап болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жүз баланың біріне әлем бойынша аутизм диагнозы қойылған. Сондай-ақ мемлекеттің экономикалық әлеуеті мен медициналық қызметтерге қолжетімділігі де үлкен рқл атқарады.

Былтыр сентатор Нұртөре Жүсіп "Цифрлық аутизм ХХІ ғасырдың дерті" деп дабыл қаға бастаған. Ол жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болғанына алаңдаушылық білдірген.

"Скринэйджер, зуммер, немесе Z-ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елесетете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына "смартфон ұстап туған" буын өмірге келді", – деген еді депутат.

Қазіргі таңда смартфондар, планшеттер және компьютерлер кез келген жерде қолжетімді. Кішкентай балалар да ата-аналардың гаджеттерін ерте қолдана бастайды, оны қадағалап отырған үлкен жоқ. Бұл олардың әлеуметтік ортадағы рөлі мен басқалармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сенатор гаджетизация мен заманауи технологияға қарсы тұру да дұрыс емес екенін айтты. Депутат осыған байланысты мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитеттеріне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтып беруін ұсынды. Әлеуметтік желілер, онлайн ойындар, түрлі видео-контент балалардың назарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұрады. Олар саналы және бейсаналы түрде көп уақытын экран алдында өткізеді. Сол себепті жасөспірімдер өздерінің өмірін басқалармен салыстырып, өзін-өзі бағалауы мен өзіне деген сенімін төмендетіп, психологиялық тұрғыдан да кері әсерін тигізіп жатыр.

"Таныстарым, достарым, жақындарым, туыстарымның арасында балаларының, немерелерінің тілі жай шыққан, 5-6 жасқа келсе де әлі сөйлемейтін, ақыл-ойы өз жасына сай емес балалар көп. Соңғы жылдары тіпті көбейіп кетті. Өзімнің қызым да ЗРР ғой. Тілін шығару үшін ана орталыққа сүйреп, мына орталыққа сүйреп, түрлі маманға апарып, түрлі үйірмеге қатыстырып, әрең дегенде шығарып жатырмыз", - дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Журналист Зүбәйра Әкім осы тақырыпты зерттеп, баспасөзде көтеріп мақала жазып жүргеніне бес жыл болған.

"2019 жылы осы тақырыпты зерттеу барысында үш жасқа келгенше баласының тілі шықпаған ата анадан сұқбат алдым. Сонда ата анасы қызын логопедке апарған. Қыздың тілінде физикалық кемістік жоқ, психологқа апарыңыздар деген. Психолог тексере келе қыздың тілі орысша шыққанын айтқан. Ютубтен тек орысша, ағылшын тілінде мультфильм, ойындарды көрген баланың тілі орысша шыққан. Ал, ата анасы қазақша сөйлегенде, қыз түсінбеген. Балада депрессия болған да мүлде сөйлей алмай қалған. Психолог баламен орысша сөйлесіңіздер деген диагноз қойған", - дейді журналист.

Тілдің шықпауы тілдік ортадан болса керек. Ата-ана қазақша сөйлейді, ал мультфильм және басқа да ойын-сауық бағдарламалары өзге тілде көрсетіледі. Тіпті қазір балаға телефонсыз тамақ та ішкізе алмайтын дәрежеге жеттік. Бұрынғыдай балалармен ата-аналары отырып, әңгімелеспейді.

Ерекше балаларға арналған орталықтың мәліметінше, «Сөйлеу дамуының кешігуі» диагнозы ереже бойынша, 3,5 жастан асқан балаларға қойылады. Бұл балалардың сөйлеуі нормадан ауытқуының жетілуі, бірақ олардың сөйлеу бұзылыстарының ерекшеліктері мен механизмдері әзірге анық емес. «Сөйлеу дамуының кешігуі» түсінігі функционалдық және органикалық шығу тегі балалық шақтағы сөйлеу патологиясының әртүрлі түрлерін қамтуы мүмкін.

Сөйлеу дамуының кешігуінің дамуының себептері:

- Баланың жүйке жүйесіне зиянды әсері (жүктілік және босану кезіндегі асқынулар өткен жұқпалы аурулар жарақаттары мен зат алмасуының бұзылуы және т.б.).

- Генетикалық анықталған даму бұзылыстары.

- Педагогикалық немқұрайлылық.

- Кейбір неврологиялық психиатриялық және соматикалық аурулары бар балалардың даму ерекшеліктері.

Сонымен қатар сөйлеу дамуының кешігуі баланың нормативтік дамуының нұсқасы болуы мүмкін, онда белгілі бір артта қалу байқалады, ол маңызды емес және бара бара оқыту бағдарламасын таңдау арқылы оңай жеңуге болады.

Елімізде қоғамдық мәдениет қалыптаспаған

Жүктілік кезінде аналардың көңіл-күйі мен психологиялық жағдайы, әлеуметтік желінің қарқынды дамуы, ақпараттың тым көп таралуы, заманның өзгеруі көп әсер етеді дейді логопед-дефектолог Гүлсара Ниязқызы. Маманның айтуынша, 2019 жылғы короновирус вирусының эпидемиясынан кейін аталмыш ауытқулары бар балалардың саны артты.

"Ең бірінші сипаты ол қоғамға бейімделе алмауы, өз эмоцияларын басқара алмауынан бастау алады. Сенсорлы бұзылысы бар балалардың барлығын аутизмі бар деп айта алмаймыз. Бала кіші не үлкен дәретін сезінбесе, яғни, бүлдіріп қойып, одан қолайсыздық сезінбеуі. Кейде балалар өз дәретімен ойнап кетеді. Осы нақты сенсорлы бұзылыс деп саналады. Сонымен қатар пикацизм деген түсінік бар. Бала тамақты таңдамай жеуі, яғни кез келген затты жей салуы. Ол тіпті 8-9 жасқа дейін жалғасуы мүмкін. Сенсорлы бұзылыс екіге бөлінеді: гиперсезімталдық және гипосезімталдық. Гиперсезімтал балалар өзіне қажет зат пен тағамды тез тауып алады. Өзіне ұнамайтын нәрсені де ол балаға бере алмайсыз. Гипосезімталдылығы жоғары балалар тамақты таңдамай, кез келген затты жеуге құмар болады. Бұл аутқу көбінесе зердесі бұзылған балаларда кездеседі. Ата-аналарға айтар кеңесім, осындай ауытқулары бар балаларға ұрсып, жазалаудың қажеті жоқ. Оны емдеу шараларын жедел қолға алған жөн", - дейді логопед-дефектолог.

Мысалы Америкада қарапайым сыныпта оқитын балаларда аталмыш бұзылулар кездесетін болса, ол қоғамда қалыпты жағдай болып қабылданады. Ал біздің қоғамда әлі де мәдениет қалыптаспаған. Көшеде осындай баланы көріп қалған біздің азаматтар, басқаша көзбен қарап, келіп сұрап жататыны өкінішті.

"Жолдасыммен бір ай Абу-Дабиде тұрдық. Жиі бір мейрамханаға баратын едік. Ол жерде сөйлеу дамуының кешігуі, яғни ЗРР бар қыз жұмыс жасады. Даун синдромы ашық көрініп тұрса да, өз ісін өте жауапты атқарды, өте тартымды қыз. Қоғамның көз-қарасы да қалыпты. Ешкім оны шектеп, мазақтағанын көрмедім. Біздің елде де қоғамға бейімделіп, түрлі салаларда қызмет атқарып жүрген ерекше адамдар жетеді. Негізі ерте жастан емдеуді қолға алған дұрыс. Әр жаста осы бұзылыстардың өзіне тән сипаттамалары болады. Баланың бойынан белгілі бір бұзылыстарды байқаған уақытта бірден диагностикаға апару керек. Уақыт өте жылдам өтіп жатыр, түрлі сылтаумен баланың емін артқа шегеруге болмайды. Қазақтардың ертеңгісі бітпейтіні қынжылтады", - дейді Гүлсара Ниязқызы.

Маманның айтуынша, түсінігі қалыптаспаған, әлеуметтік ортаға бейімделмеген баланы бірден логопедке апару қателік.

"Аталмыш бұзылысы бар балаларды ең бірінші АВА-терапияға апарған жөн. Алайда оның да шектеулі уақыты бар. Оны тым созып жіберуге де болмайды. Бала белгілі бір дағыларға үйренген соң, сенсорикалық интеграцияға ауысу керек. Ол нағыз түсінікті қалыптастырудың бірінші сатысы. Жалпы моторикасын дамытады. Сезіну, көріп қабылдау, мида аналыз жасау, тактильді сезімталдықты дамыту сынды жұмыстар жасалады. Кейде нәтижелер болмай жататыны туралы ата-аналар жиі айтады. Ол неліктен? Баланың бойында базалық дағдылар қалыптаспаған. Қарапайым "отыр, тұр, алып кел" деген командаларды түсінбейді. Ал осыны қалыптастырмай, ата-аналар тым көп нәрсе талап етеді. Яғни, әр жерге секіре береді. Ол дұрыс емес. Базалық тапсырмаларды үйретуден бастап, бала оны толық қабылдаған соң ғана келесі деңгейге өтуі керек", - дейді маман.

Аутизм диагнозы қойылған балаларды ата-анасы ең алдымен невропотолог пен психиатрға қаралудан бастау керек. Психиатрға барудан шошу немесе ұялу мәдениетінен арылу керек.

"Псхиатрға балаларын апармайтын ата-аналарда жалған намыс, тәкаппарлық бар. Бұл үрдістен арылу керек. Психатрға бару псих деген сөз емес. Психиатр мамандар өз шеңберінде анализ жасап, баланың қандай бұзылыстары барын анықтап, қажетті ем-домын жазып береді. Кейін невропотологқа бару керек. Кемінде үш маманның қорытындысын алып, нақты көз жеткізсе болады. Қолда бар жолдамамен келесі мамандарға бару керек: АВА-терпапия, сенсорикалық интеграция және дефектолог. Осы үш маман ауадай қажет. Кейін логопедті қосуға болады", - деп кеңес берді маман.

Расымен, цифрлы технологияның қарқынды дамуы қазіргі балалардың тілінің шықпауына, ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп жатыр. Біріншіден, баланың қимыл-қозғалысы шектеледі. Бала мүлдем ойланбайды. Телевизор ол арапшы. Оны көріп отырып, адам ойланбайды, миы демалады.

"Сөйлеу - табиғи процесс емес. Маугли балалар бар. Мысалы 6 жасқа дейін далада қалып қойып, өскен балалар менің сөзімнің дәлелі. Осы балаларды әлеуметтік ортаға алып келгенде олар сөйлей алмады. Сондықтан ата-аналарға балаларымен әрдайым сөйлесіп, қимыл-қозғалыстарды көрсету керек. Бала барлық нәрсені бейсаналы түрде көшіреді. Ал телеэкраннан көрсетілетін түрлі бағдарламаларда артикуляция жоқ. Сол себепті гаджеттер мен цифрлы технология баланың сөйлей алмауына алып келеді", - дейді маман.

Мемлекет тарапынан қандай көмек беріледі?

Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған балалар саны өсуде. 2023 жылғы мәліметтерге сәйкес, елде шамамен 12 мыңға жуық бала аутизм диагнозымен тіркелген. Оның ішінде 1052 бала — ерте жастағы, 4331 бала — мектепке дейінгі жастағы, ал 6-дан 18 жасқа дейінгі мектеп жасындағы балалар саны — шамамен 6704.

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету мақсатында 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен 18 оңалту орталығы жұмыс істейді. АСБ бар балаларға және жасөспірімдерге амбулаториялық және стационарлық көмек аймақтық психикалық денсаулық ұйымдарының базасында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде тегін көрсетіледі. Бүгінде ППТК бағдарламасы бойынша АСБ бар 2 мыңға жуық бала көмек алып жатыр.

Ауылдық жерлерде аутизмді емдеу және түзету орталықтары жеткіліксіз. Емдеу мекемелері негізінен ірі қалаларда және облыс орталықтарында орналасқан, бұл ауылдық аймақтардағы отбасылардың қажетті медициналық және педагогикалық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін шектейді. Ауылдық жерлерде арнайы мамандардың тапшылығы мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де бұл мәселені қиындатады. Нәтижесінде, ауылдық өңірлердегі балалар қажетті түзету және реабилитациялық қызметтерді толық көлемде ала алмайды.

Мемлекет соңғы жылдары ауылдық жерлерде де көмек көрсетуді кеңейтуге тырысып жатыр, дегенмен, қазіргі таңда ауылдық өңірлерде түзету кабинеттерінің саны әлі де аз. Гүлсара Ниязқызы сөзінің соңында, ауылдық жерлерде медицина қолжетімсіз екенін де атап өтті. Сол себепті ауылдарда да тиісті орталықтар ашып, ата-аналарға көмек көрсету жоспарында бар екенін алға тартты.

Ата-аналарға кеңес!

Мамандар баланың "аутизм" деген қорытындыға келуіне не негіздейді? Ең алдымен, олар сөйлеуге назар аударады. Келесі мәселе - түсіну. Не ескертуі мүмкін:

1. Бала өз жасында нормаға сәйкес сөйлейтіндей сөйлемейді. Көбінесе ата-аналар баласының өз жолымен дамып жатқанын айтады, барлық балаларды салыстырудың қажеті жоқ. Егер үш жасқа дейін бала мысық, ит, сиыр "сөйлейтінін" аздап көрсетіп, тек ата-анасына "ана" мен "әке" деп жүгінсе, бұл нормадан алыс, ЗРР-ге жақын!

2. Ауызша нұсқау бойынша тапсырмаларды әрең орындайды. Мысалы, қызыл жейде әкелуді сұрағанда, жай ғана айтып қоймай, қолыңызды жейдеге қарай көрсетіп, "маған бер", "әкел", "мынау емес, басқасы", "дұрыс" деген тіркестермен толықтырыңыз. т.б.

3. Ойын ойнау, оған кітап оқу, мультфильмдер көру, ертегілер мен өлеңдер тыңдау кезінде зейінін шоғырландыра алмайды. Ол 3-10 минуттан артық мұқият бола алмайды, көңілі бөлініп кетеді. Ойыншықтарды ойнаудың орнына мүлдем қарамайды, тыңдамайды, лақтырып жібермейді.

4. Ол өз құрдастарымен ойындарды ойнай алмайды, бас тартады, бірлескен ойындардың орнына белсенді және ретсіз әрекеттерді ұнатады, жүгіреді, секіреді, ойыншықтарды лақтырады немесе керісінше - ешкімге мән бермейді, монотонды әрекеттерді орындайды. Ол істеп жатқан ісін "жоққа шығармайды", "мен жүгірдім", "Мен тастадым", "Мен сенімен ойнамаймын, жүгіргім келеді", "мен жалғыз ойнағым келеді" деп айтпайды.

Егер сіз мұқият оқып шықсаңыз, баланың сөйлеу мәселелерінен басқа, түсіну қабілеті де бұзылғанын түсінуге болады. Бұл дабыл. 

Ата-аналар! Телефондарыңызды бір жаққа тастаңыз. Компьютерден аулақ болыңыз. Балаңыз - сіздің  жауапкершілігіңіз. Балаңызға қараңыз, көбірек көңіл бөліңіз: кітап оқыңыз, жұбақтар шешіп, ойындар ойнаңыздар, конструктор жинаңыздар, кешкі асты бірге дайындаңыздар, талқылаңыздар - сорпаға не, компотқа не салынады деген сұрақтар қойыңыздар. Балаңызға ұрыспай, түсіндіру арқылы, жылы сөйлеу арқылы бірлесе жұмыс жасаңыздар. Шағымданбаңыздар! Сіздің ата-ана ретіндегі іс-әрекеттеріңіз: баламен ойнау, күнделікті өмірде әңгімелесу, серуендеу, бірлесіп іс-әрекеттер жасау, ертегілерді оқу және талқылау екенін ұмытпаңыздар.